06.09.2006, 17:52 3273

Мәжіліс депутаттары Тілеухан мен Шаханов жаңадан айналымға енгізілетін теңге мәтінінің екі тілде жазылуына қарсылық білдірді

АСТАНА. 6-қыркүйек. Kazakhstan Today. Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан мен Мұхтар Шаханов жаңадан айналымға енгізілетін теңге мәтінінің екі тілде жазылуына қарсылық білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Инуар Сәйденовке жолдаған депутаттық сауалында депутатар осылай мәлім етті.

Б. Тілеухан айналымға енгізілуі жоспарланған теңге мәтінінің екі тілде жазылуын Ата заңымызға қайшы деп мәлімдеді.

"Еліміздің ақша айналымына теңгенің жаңа түрі енгізілуі сіздің де сізге кеңесші болған дизайнер мамандардың да қазақ ұлтын сыйламайтындығының белгісі болды. Ұлттық тұлғаларымыздың бейнелерін түгел алып тастап, ұлттық ақшамыздың екі тілде жазылуы Конституцияға қайшы деп білеміз. Біз унитарлық мемлекетпіз. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Сондықтан да теңгені екі тілде жазудың жөні де қажеті де жоқ, деді депутат.

Оның айтуынша, ұлттық теңгеміздің екі тілде жазылуы саяси тұрақтылықтың қамы емес. Ұлтаралық қатынас елімізде оң үрдіс алып келеді. "Ұлттық теңге - құндылық қана емес, тәрбиелік идеологиялық қызмет атқаратын мемлекеттің ұлттық символы" деген Б. Тілеуханов Ұлттық банкі төрағасының осы мәселеге түсінік беруін талап етті. Оның пайымдауынша, жіберген қатені түзеуге әлі де уақыт бар.

Мемлекетіміздің нышаны ретінде ұлттық валютамызға енгізілетін өзгерістер парламенттің талқысы арқылы шешілуі тиіс.

Сонымен қатар, мемлекеттік нышан ретінде ұлттық валютаға екі тілде мәтін жазу әсіре жағымпаздық екенін атап өткен депутаттың айтуынша, ұлттық валютаның кескін-келбетін айқындау жекелеген адамдардың көзқарасымен атқарылатын шаруа емес.

Депутат М.Шахановтың пікірінше, ұлттық теңгеміздің екі тілде жазылуы "теңгенің жаңа кескін-келбетін жасаушы дизайнерлердің басты қателігі. Сол арқылы олар қазақ тілінің ролін төменшіктетіп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны