19.03.2010, 16:07 6974

Мәжіліс спикері терминология мен термин мәселесін ретке келтіру керек деген пікірде

Мәжіліс спикері терминология мен термин мәселесін ретке келтіру керек деген пікірде

Астана. 19 наурыз. Kazakhstan Today - Мәжіліс спикері терминология мен термин мәселесін ретке келтіру керек деген пікірде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов бүгін палатаның ұйымдастыруымен өткен "Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі" атты ғылыми-практикалық конференцияда мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

О.Мұхамеджанов терминология мен термин мәселесі бойынша өз баяндамасында былай деді:

"Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында оның міндеттерінің бірі ретінде "Мемлекеттік терминологиялық комиссияның мәртебесін арттыру, оның ережесін, міндеттерін, құрылымын қайта қарау" көрсетілген. Алайда бұл талап орындалмады. Терминология мен термин мәселесінің тап қазіргі кезеңде қаншалықты маңызға ие болып отырғаны бәріңізге белгілі. Сондықтан Елбасының жарлығымен бекітілген осы мәселе алдағы уақытта міндетті түрде шешімін табуға тиіс".

"Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проблемасы көп сала. Қазір не көп, жарыса шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздіктер ала-құла. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әртүрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырды".

"Қайбір басылымдар сөзжасамның неше түрлі нұсқаларын ұсынып жүр. Олардың принципіне сүйенсек, аударылмайтын бірде бір сөз болмауы керек. Қазақ тілінде термин қабылдаудың ғылыми принциптерін негіздеп, қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген, термин жасауда тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалану керектігін жақтаған ғұлама ғалымдарымыздың бірі Құдайберген Жұбановтың өзі де халықаралық терминдерді жаппай аудара беруге болмайтынын ескерткен еді. Керек жерінде аударған жөн шығар. Алайда оңды-солды аударудың салдарынан жұрттың қылжағына айналған сөздер көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей жататын жағдайға жеттік. Мысалы: "Қылтимаға шығып, шаптырмаға қарадым" деген сөзге қалай күлмейсіз. Мұндай әрі айтуға ұят, әрі мүлдем түсініксіз тәржімелерді өздеріңіз де кездестіріп жүрген шығарсыздар. Газетті - "жариядат", минералды - "арасан", энциклопедияны - "мағлұтнама", технологты - "жасалымгер", таблетканы - "түймедақ", дражені - "қаптама" десем, қайсыңыз түсінер едіңіз. Қазіргі кезде осындай келеңсіз тенденция бар. Жаппай тәржімалау мен бет-бетімен термин жасаушылық осыған жеткізіп отыр".

"Бұрын қалыптасқан сөздердің жаңа баламалары пайда болып, жұртты әбден шатастырды. Мысалы, "охрана" сөзі әуелде "күзет" деп алынған еді. Енді оны қазақ тілді басылымдар "қорғауыл", "сырттауыл", "сайдауыл" деп алып жүр. Ана тіліміздегі газет-журналдар кеңінен қолданылып жүрген сөздерді, сөз тіркестерін әрқайсысы өз бетінше алуды әдетке айналдырып алды. Мысалы, "террорист" сөзі заң тілінде - "террорист", газет тілінде "лаңкес" деп аталады, ал оған қосақтала жүретін "экстремист" деген сөзді қалай аламыз? "Футболды" - "аяқдоп" дейміз, дұрыс делік, ал сонда құрамында ағылшынның "бол", яғни "доп" деген сөзі бар басқа спорт түрлерін қалай қазақшалап аламыз, оның ғылыми негізділігі және санаға сіңімділігі қалай болмақ? "Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса" деген мақал тілге жүрмейтін болар".

"Бұл мәселеде тәртіп болмаса, қалың жұртшылықты былай қойғанда, термин жасаушы мамандарымыздың өзі көп ұзамай әбден шатасатынын, ал уақыт өте келе оны ретке келтіру өте қиынға соғатынын қазірдің өзінде сезіп отырмыз. Бұл жағдай заң мәтінінің аудармасымен жұмыс істеу барысында депутаттар қауымына бір ұғымның бірнеше нұсқасын ұсынып, қиындық туғызып жүр".

"Бұдан шығатын қорытынды Терминкомға мемлекеттік орган мәртебесін беру керек. Қазір Терминком шешімдерінің міндетті күші жоқ, сондықтан ол бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болады. Терминкомды мемлекеттік орган ретінде қайта құрудың мүмкіндігі болмаса, оның шешімдеріне Үкімет қаулысымен міндетті күш беру керек болар".

"Терминологиялық электрондық қор жасау жөніндегі әңгіме де шешімін таппады. Илі күнге дейін осындай қордың болмауынан бір терминнің алты рет қабылданған кезі де болыпты. Терминком терминдер мен атаулар мәселесін мықтап қолға алуға тиіс. Қоғам өмірінің экономика, ғылым-білім, мәдениет пен өнер сияқты секторлары өз кезегінде сала-салаға тарамдалып кететіні белгілі. Міне, осы салалардың әрқайсысында басшылыққа алынатын бір ғана сөздік болуға тиіс. Оған сол салада шығып үлгерген барлық сөздіктердегі қамтылған және жұртшылық қабылдаған сөздер екшеліп алынуы керек. Бұл жерде ескерте кететін бір мәселе - мен ресми тіл, заң терминдері жөнінде айтып тұрмын. Ал жалпы қазақтың тіліне мұндай талап қоя алмайтынымыз белгілі. Бір ұғымды бірнеше синониммен айтуға болатын қазақ тілінің мүмкіндігін мұндай талаппен тұсаулап тастауға, әрине, болмайды".

"Елбасы Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында қазақ терминологиясына қатысты: "... қазақ тілінің ғалымдары, лингвисттері ғылым мен осы заманғы технологиялардың, сондай-ақ нарықтық қазақ тілінің терминдерін жасаумен айналысуы керек. Бұл - шұғыл мәселе. Үкімет барлық проблемаларды кешенді түрде зерттеп, шара қабылдауға тиіс", - деп тапсырма берген болатын. Ендеше, бұл іске мемлекеттік маңызы зор мәселе ретінде қарап, тиісінше жұмыс жүргізу бүгінгі күннің ерекше талабы болып отыр".

Сондай-ақ, ол заң шығару мәселесіне де тоқталып былай деді: "Өзімізге тікелей қатысы бар мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесіне тоқталайын. Мәжіліске заң жобаларының дені Үкіметтен түсетін болғандықтан сөзімді содан бастауға тура келеді. Үкімет заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау ісінде әлі күнге ескі әдеттен арыла алмай келеді. Заң жобалары алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылып жүр".

"Заң шығарушы орган болғандықтан, біз үшін, ең үлкен шешілмеген мәселе осы. Және бұл мәселенің төңірегінде істен гөрі сөз көп. Іс демекші, мемлекеттік тілде заңнамалық актілер әзірлеу қолдан келмейді екен, ендеше, тым болмаса оларды аудару сапасын жақсарту жөніндегі әңгіменің айтылып келе жатқалы қашан?! Алайда, Үкімет кеңсесі өз ішінен мәжіліске енгізілетін заңнамалық актілердің мемлекеттік тілдегі нұсқасына сараптама жүргізіп, аударма сапасын тексеретін бір құрылым жасақтай алмай-ақ қойды. Осы мәселелерде алдағы уақытта үкімет тарапынан нақты іс-шаралар күтеміз",- деді О.Мұхамеджанов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны