20.04.2007, 16:03 3344

Мәжіліс төрағасы парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды


АСТАНА. 20 - сәуір. Kazakhstan Today. Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлады палата аппаратының баспасөз қызметінен.


"Қазақстан Республикасының Ата заңының 58-бабының 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес 2007 жылдың 26-сәуірінде Астана қаласында Қазақстан Республикасының парламент палаталарының бірлескен отырысы шақырылсын",- деп айтылған құжат мәтінінде.


Естеріңізге сала кетейік, парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заң жобасын үшінші оқылымда қарамақ.

Аталмыш заң жобасын парламент екі оқылымында талқылаған - 29-қаңтарда және 16-сәуірде.

Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру мен оларды қолданудың егжей-тегжейлеріне бағытталған мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, аталмыш заң жобасында мемлекеттік рәміздерді орта және арнаулы оқу орындарындағы жалпы білім беру бағдарламаларының негізіне енгізу қарастырылған. Заң жобасы мемлекет туы мен елтаңбаның және оның бейнелерінің білім ұйымдары мен мекемелерінде, әскери бөлімшелерде орналасуы, сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді - ту мен елтаңбаны жарамсыз болған жағдайда ауыстыру немесе жою процедураларын реттейді. Сонымен қатар, ту мен елтаңба қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдарда геральдикалық негіз ретінде, ал мемлекеттік әнұран басқа музыкалық туынды ретінде пайдалынылмайды. Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік әнұран тек мемлекеттік тілде орындалады деп көрсетілген. Сондай-ақ, заң жобасы әнұранның теле және радио бағдарламаларының таңертеңгі эфирге шығуы алдында және республика аумағында тіркелген теле және радиокомпанияларының хабар таратылымдарының аяқталуы барысында орындалуын қарастырған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны