24.09.2012, 17:04 13603

Мәжілісте денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі талқыланды - баспасөз баяны

Нақтылай түссек, күн тәртібінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары мен министрліктің 2013-2015 жылдарға арналған шығысының болжамы қаралды.

Бүгін Мәжілісте Илеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы мен министрліктің стратегиялық жоспары талқыланды.

Нақтылай түссек, күн тәртібінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары мен министрліктің 2013-2015 жылдарға арналған шығысының болжамы қаралды.

Комитет отырысына қатысқан депутаттар Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы министрлігі ұсынған есепті тыңдап, бірқатар мәселелерді өзектендіре түсті.

Сондай мәселелердің бірі - елдегі дәрігерлердің жалақысына келіп тірелді.

"Республикадағы стационарда жұмыс істейтін дәрігердің орташа жалақысы 115,9 мың теңге, медбикелерге 75 мың теңге жалақы төленеді", - деген Қаржы вице-министрі Елена Кармазинаның есебіне депутат Дариға Назарбаева мен Надежда Петухова қарсы пікір білдірді.

"Айтып отырғаныңыз тек ірі холдингтердегі дәрігерлердің жалақысы болар. Ал ауруханаларда жұмысын жаңа бастаған дәрігерлер 50 мың теңге, медбикелер 45 мың теңгеге жуықтайтын жалақы алады. Олардың жалақысын көтеру үшін қосымша қаржы қаралған ба?", - деген депутат Қаржы министрлігінен қанағаттанарлық жауап ала алмады.

"Дәрігерлердің жалақысына үстемақы қосу алдағы бірнеше жылда көзделіп отырған жоқ", - деді вице-министр.

"Қазір елдегі ауруханаларда медбикелер мен санитарлық тазалықшылар жетіспей отырғаны белгілі. Егер олардың жалақысы 25-30 мың теңге болса, әрине, мұндай ақшаға жұмыс істейтін маман табу қиын", - деді Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрайымы, Парламент депутаты Д.Назарбаева.

Ал депутат Гүлмира Исимбаеваның ойынша, комитет отырысына есептерін ұсынған қос министрлік (денсаулық сақтау, қаржы министрлігі - авт.) денсаулық сақтау нысандарының сейсмикалық жағдайына көп назар салуы керек.

"Былтыр мамыр айында Алматы облысында болған жер сілкінісінен халық дүрліккені белгілі. Біз білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау нысандарын сейсмикалық нығайту мәселесін күн тәртібіне шығардық. Себебі, ол балалар мен азаматтардың өмірі. Алматы қаласында білім беру саласындағы 7 нысанға сұраныс берілген екен, алайда олардың ешбіреуі тиісті шаралармен қамтылмаған. Ал денсаулық сақтау саласына келсек, сейсмикалық берік 9 нысанның құрылысы 2015 жылға жоспарланған", - деп түсіндірді депутат.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны