17.03.2010, 17:49 3562

Мәжілістің бір топ депутаты "Өзенмұнайгаз" ӨФ басшылығы мен ереуілге шыққандар арасындағы дауға үкімет тарапынан ықпал етуді сұрайды

Мәжілістің бір топ депутаты "Өзенмұнайгаз" ӨФ басшылығы мен ереуілге шыққандар арасындағы дауға үкімет тарапынан ықпал етуді сұрайды

Астана. 17 наурыз. Kazakhstan Today - Мәжілістің бір топ депутаты "Өзенмұнайгаз" ӨФ басшылығы мен ереуілге шыққандар арасындағы дауға үкімет тарапынан ықпал етуді сұрайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Зейнулла Алшынбаев Республика премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

"Үстіміздегі жылдың 23 ақпанында "Қазмұнайгаз" БӨ" АҚ басшылығы "Өзенмұнайгаз" ӨФ-на еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл жүйеде бұрын беріліп келген аудандық коэффициентті және басқа да үстемелерді негізгі тарифке қосу, яғни Еңбек қодексінің талаптарына сәйкестендіру көзделген.

Өкінішке орай, осы өзгерісті халыққа жеткізу хабарламасы орта буын басшылары арқылы түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген, және бұл өзгерісті қабылдамайтын, яғни қосымша шартқа қол қоймайтын жұмысшылар бір айдан соң жұмыстан айрылатындығы ескертілген. Жергілікті БАҚ ақпараттарына сүйенетін болсақ қосымша шартқа қол қоюда кейбір күштеу, еріксіз қол қойғызу фактілері болғандығы айтылған. Осы жағдай қазіргі жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы текетіреске алып келіп отыр.

10 наурызда жағдайға баға берген Жаңаөзен қалалық соты ереуілді заңсыз деп таныды, және сонымен бірге жұмыс беруші "ҚМГ" БӨ" АҚ атына жеке ұйғарым шығарып, олардың тарапынан да еңбек заңдылығының бұзылғандығын атап өтті.

Жергілікті атқарушы билік, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласы басшылығы жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда, жұмыстануда. Біздер, депутаттар "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басшылығымен кездесіп, олардың тарапынан да осы күрделі жағдайдан шығу жөнінде тиісті шаралар қарастырылып жатқанынан хабардармыз.

"ҚМГ" БӨ" АҚ басшысының шешімімен жоғарыдағы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі туралы хабарламасы өз күшін жойған, бұл жөнінде мұнайшыларға хабарланған.

Қалыптасқан жағдайға кейбір күштер саяси рең беруге тырысқанымен бұл саяси мәселе емес, еңбек заңнамасының сақталуы төңірегіндегі келіспеушіліктер. Бұл мәселеден кейбір саяси ұйымдар мен жауапсыз белсенділердің саяси ұпай жинауға тырысып жатқандары байқалады. Оны жаңаөзендік мұнайшылар дұрыс таразылай алатындығына толық сенімдіміз.

Сондықтан жағдайды ушықтырмай, Қазақстан Республикасының Мұнай және газ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры, "Қазмұнайгаз" АҚ басшылары бірлесе отырып тиянақтап зерделеп, тиісті шешім қабылдауы тиіс деп есептейміз және соған ықпал етуіңізді сұраймыз",- делінген сауалда.

Ал "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің ақпаратына сәйкес, "Жұмыскерлердің мұндай әрекетке баруына қолданыстағы еңбек заңдарына сәйкес 2009 жылы мақұлданып, қазан және қараша айларында еңбек ұжымына кеңінен түсіндірілген еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу туралы хабарламаны тарату себеп болды. Одан кейін талаптар бірнеше рет өзгерді. Акцияға қатысушылар филиалға 1997 жылғы "Өзенмұнайгаз" АҚ мәртебесін қайтару, ҚМГ БӨ және өндірістік филиалы басшылығын ауыстыру, кәсіподақ төрағасын қызметінен босату, еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуді және жұмысқа конкурс арқылы қабылдау жүйесін жою, жылдық өндірістік жоспарды азайту, аумақтық коэффициентті заңдастыруды талап етіп отыр.

ҚМГ БӨ-нің өндірістік филиалдарында, оның ішінде ӨМГ-де енгізілгелі жатқан еңбекке ақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер еңбек заңнамаларындағы өзгерістерге сәйкес келеді, ешқандай да жалақының азаюына апарып соқпайды, керісінше, қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Жаңа жүйе бойынша еңбекақының кепілдендірілген (жалақы) бөлігі 55 пайыздан 77 пайызға дейін өседі, тиісінше, өндірістік жоспар орындалған жағдайда ғана төленетін сыйақы бөлігі 23 пайызды құрайды. Бұған дейін қолданылып келген "аумақтық" және үстемелеу коэффициенттерін, сондай-ақ сыйақының бөлігін қамтитын тарифтік ставка жалақыға қосылған. ҚР заңнамаларында бұл коэффициенттерді бөлек төлеу қарастырылмаған. Жұмыскерлерге бұл төлемдерді сақтап қалу үшін Компания оларды айлық жалақыға қосып отыр. Жалпы, жаңа жүйеге көшу арқылы жұмыскерлердің орташа жылдық жалақысы орташа есеппен 1-3 пайызға артады.

Одан бөлек, Еңбекке ақы төлеу ережесіне ауыр жұмыстар мен зиянды әрі қауіпті жұмыстарға тартылған жұмыскерлер жалақысының ең төменгі мөлшерін белгілейтін нормалар енгізілді",- делінген компания таратқан хабарламада.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны