21.03.2010, 19:01 3563

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, әрбір отбасына қуаныш, бақыт, құт-береке және молшылық тіледі

"Биылғы жылы біз Наурызды алғаш рет жаңаша атап өткелі отырмыз. Былтыр менің Жарлығыммен 21 - 23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері болып жарияланды. Біздің барлығымыз үшін бұл достықтың, бірліктің, мейірімділіктің, шын мәнінде, Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды", - деді мемлекет басшысы.

Астана. 21 наурыз. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан" орталық концерт залында өткен Наурыз мейрамына арналған мерекелік концертті тамашалады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының президенті концерт басталмас бұрын осында жиналған қауымға және барша қазақстандықтарға арнап мерекелік құттықтау сөзін сөйледі. Ол халқымыз ежелден жыл басына санаған, Ұлыстың ұлы күніне балаған Наурыз мейрамы - шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі екенін атап өтті. Сондықтан 1991 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығыммен Наурыз мейрамы Қазақстанда ресми мереке болып жарияланды. Ал ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзат баласының мәдени мұрасы санатына қосты. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Наурыз мерекесі "халықаралық мейрам" ретінде қабылданды.

Н.Назарбаев Наурыз ықылым заманнан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы болып есептелетінін атап өтті. Табиғат иіген, көк тас жібіген Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыстың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады.

"Биылғы жылы біз Наурызды алғаш рет жаңаша атап өткелі отырмыз. Былтыр менің Жарлығыммен 21 - 23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері болып жарияланды. Біздің барлығымыз үшін бұл достықтың, бірліктің, мейірімділіктің, шын мәнінде, Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды", - деді мемлекет басшысы.

Президент біздің еліміздің тарихында жаңа кезеңнің басталғанын ерекше атап өтті. Қазақстан еліміздің экономикалық дамуы қуатты серпінмен іске асырылатын кезеңге қадам басып отырғанына тоқталды.

"Бүгінде біз алдымызға жаңа міндеттер қойып отырмыз. Оны іске асыратынымыз анық. Өйткені, біз жыл өткен сайын біздің басты жетістігімізді - бейбітшілікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтып келеміз", - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, әрбір қазақстандық отбасына қуаныш, бақыт, құт-береке және молшылық тіледі.

Одан кейін Қазақстанның өнер шеберлерінің қатысуымен "Наурыз нұры" атты мерекелік концерт болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны