17.02.2020, 18:26 17200

Мемлекеттік қызмет саласына адамгершілік ұстанымдарын енгізудің әлемдік тәжірибесі

Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер жоғары кәсібилік нышаны, адал, әділ, қарапайым, сыпайы болуы, жалпыға ортақ моральдық-этикалық талаптарды ұстануы, өз міндеттерін сапалы, тиянақты орындауы тиіс. Әдептілік - өркениетті қоғамның адамгершілік ұстанымы екенін есте сақтаған жөн.

Алматы. 17 ақпан. Kazakhstan Today - Мемлекеттік қызмет саласына адамгершілік ұстанымдарын енгізудің әлемдік тәжірибесі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласының іргетасы қаланғаннан бері әдептілік мәселесі өзектілігін жоғалтпаған, себебі әдептілік - мемлекеттік қызметтің негізгі ұстанымдарының бірі болып табылады. Әрбір қазақстандық мемлекеттік қызметші өз қызметінде мемлекеттік қызметтегі мінез-құлық ережелерін реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін басшылыққа алады.

Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер жоғары кәсібилік нышаны, адал, әділ, қарапайым, сыпайы болуы, жалпыға ортақ моральдық-этикалық талаптарды ұстануы, өз міндеттерін сапалы, тиянақты орындауы тиіс. Әдептілік - өркениетті қоғамның адамгершілік ұстанымы екенін есте сақтаған жөн.

Адамгершілік ұстанымдарын мемлекеттік органдардың қызметіне әлдеқайда тиімді енгізу үшін шет елдердің тәжірибесін зерттеп, оның ішінен үздігін үлгі ретінде алуға болады. Қазақстан үздік жетістіктер үшін әрқашан ашық, сонымен қатар өзгерістерге дайын ел, ал бұл өз кезегінде жетістіктің кепілі және сананың ашықтығының айқын көрінісі. Мысалы, 2018 жылы Индонезия мен Грузия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің "pocketbook" қалталы кітапшасын әзірлеп шығарды. Кітапшада мемлекеттік қызметшілердің күнделікті өмірінде кездесетін жағдайлары мысал ретінде келтірілген. Осы күнге дейін кітапша кәсіби әдептіліктің негізгі ұстанымдарын түсіндіруге арналған жадынама ретінде қолданылып келеді.

Сонымен қатар орталық атқарушы органдарда, мемлекеттік органдарда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың әкімі аппараттарында Әдеп жөніндегі уәкіл институты жұмыс істейді. Бұл институтты енгізу барысында Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Венгрия және Нидерланды корольдігі сияқты алдыңғы қатарлы шет елдерінің тәжірибесі қолданылды. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге жемқорлық пен қызметтік әдептілік мәселелері бойынша көмек көрсетуге, мүдделер қақтығыстарының туындауын болдырмауға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, ұжымдарда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға міндетті екенін атап өткен жөн.

Шет елдердің тәжірибесін зерттеу барысында мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысы ұстанымдары туралы көптеген актілер қабылданып отыратын Еуропа мен Азия елдерінің тәжірибесі ерекше көзге түсті. Бұл актілерге сәйкес мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік борышын адал және кәсіби тұрғыда орындап қана қоймай, құқық бұзушылық ретінде таныла алатын әрекеттерді болдырмауы тиіс. Аталған актілер әдетте қызметтік өкілеттіліктерді теріс мақсатта пайдалануға қарсы маңызды бөгет ретінде рөл атқарып, жемқорлықтың туындауына тежеуші ықпал етеді.

Германияда моральдық-этикалық талаптарды бұзғаны үшін (қызметтік өкілеттіліктерді теріс мақсаттарда пайдалану, парақорлық, қызметтік ақпаратты тарату) шенеуніктер дербес жауапкершілікке ие. Ал Францияда мемлекеттік қызметшілерге кәсіби ұстамдылық міндеті артылған. Ол мемлекеттік қызметшіге қызметтік міндеттерді атқаруға байланысты белгілі болған кез-келген мәліметтерді таратуға қойылатын тыйымды білдіреді. Мемлекеттік қызметтегі әдептілікті арттыру бойынша бұл елдің тағы бір ерекшелігі жұмыстан босатылған шенеуніктердің әрі қарай қызметке тұруын қадағалау болып табылады. Бұл мәселемен әдеп жөніндегі комиссиялар айналысады. Бұрынғы француздық шенеунік сәйкестендірілген әдеп жөніндегі комиссиямен келіспей, жеке секторға қызметке тұра алмайды. Осылайша, бұл елдерде мемлекеттік қызметтің әдептілік ұстанымдарын құқықтық бекіту мәселелері мемлекет пен қоғамның назарынан тысқары қалмайды.

Жапонияда дәстүрлерге аса маңызды көңіл бөліп, ата-бабадан мұра етілген жүріс-тұрыс талаптарын, мәдениет формаларын өзгеріссіз сақтауға тырысады. Соған қарамастан, шет елдердің азаматтарымен жиі ынтымақтастық жасау қажеттілігі салдарынан еуропалық әдеп жапондық өмірге, әсіресе іскери қатынастарда күн сайын еніп келеді. Бүгінгі таңда Жапония үшін адамдардың бір-біріне және қоғамға қатысты жоғары әлеуметтік өзара міндеттілігі, олардың қамқорлығы мен жауапкершілігі тән.

Жапонияның "Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі туралы" заңы шенеуніктердің кәсіби қызметіне қатысы бар бизнесмендерден сыйлықтар мен қызметтер алуға нақты тыйымдар мен шектеулер орнатады. Шенеуніктер әрбір үш ай сайын басшылыққа кәсіпкерлерден 5 мың иен және одан да көп сомаға қызметтер мен сыйлықтар қабылдаудың барлық жағдайлары туралы баяндауға міндетті. Жоғары лауазымды шенеуніктер басшылыққа өткен жылғы табысы туралы баяндауға міндетті. Соның өзінде, барлық осы мәліметтер қоғам үшін ашық болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге әдеп бұзған жағдайда әкімшілік ескерту, жалақыны азайту, қызметтен уақытша шеттету, қызметтен босату сияқты жаза түрлері тағайындалады.

Ұлыбритания шенеуніктерінің моральдық кодексі мемлекеттік қызметшілердің бойындағы парасаттылық, адалдық, объективтілік, адал ниеттілік негізіндегі риясыздық, есеп беруге міндеттілік қасиеттері және қызметтің ашықтығы ұстанымдарына негізделген. Британиялық мемлекеттік қызметке жоғары ұжымдық әдептілік, әкімшілік мораль кодексіне қатаң сәйкестілік тән. Мемлекеттік қызметшілердің жоғары моральдық қасиеттері әрқашан британдықтардың ерекше мақтанышы болған. Америка Құрама Штаттарына келетін болсақ, ондағы Мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс кодексі 1958 жылы қабылданып, кейін бірнеше мәрте өзгертіліп, толықтырылып отырған. Кодекстің маңызды мақсаты мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс ережелерін бұлжытпай ұстануы ғана емес, сонымен қатар "әрбір шенеуніктің адалдығы мен үлесінің шынайылығына ел азаматтарының толық сенімін қалыптастыру" болды.

Мемлекеттік қызметтегі қызметтік және кәсіби әдептілікті ұстанудың шетелдік тәжірибесін зерттей отыра, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі жүріс-тұрыс стандарттарын жаңа сапалы деңгейге көтере отырып, оларды әлдеқайда кеңінен айқындайтынына, сол арқылы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыратынына көз жеткізуге болады. Кодекс мемлекеттік қызметшілердің рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытудың үздік тетіктерін қамти отыра, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінің нақты адамгершілік бағдарларын көрсетеді, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайта отырып, қойылған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

Беспалинов Берген Маратұлы

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақмола облысы бойынша департаментінің

басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны