26.04.2010, 14:42 1774

Метро іске қосылғаннан кейін қала орталығынан барлық автобус маршруттары алынады

Метро іске қосылғаннан кейін қала орталығынан барлық автобус маршруттары алынады

Алматы. 26 сәуір. Kazakhstan Today - Алматыда метро іске қосылғаннан кейін қала орталығынан барлық автобус маршруттары алынады. Бұл туралы бүгін "Алматыметроқұрылыс" АҚ-ның бас директоры Мұрат Өкшебаев журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бүгінгі басты проблема - қаланың орталық бөлігі. Қала орталығынан барлық автобус маршруттарын алып, метро, трамвайлар мен троллейбустар секілді электрлі транспортты ғана қалдыру қажет. Сонда қаладағы ауа тазарады. Метроның бірінші желісі осындай есеппен салынған, бұдан кейінгі желілер де осындай мақсатпен салынады", - деді М. Өкшебаев.

Оның хабарлауынша, "метроның екінші желісінің құрылысының техника -экономикалық негіздемесі қазір ҚР Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттігінің қарауында жатыр. Бұл желілердің жобалық шешімдері бар", - деді ол.

"Метроның екінші желісі бірнеше себептерге байланысты қарапайымдау болады. Біріншіден, станциялар мен туннельдер тым тереңде салынбайды. Тереңде салудың бірнеше қиындығы бар - кеңістік шектеулі, біз тек бір бағытты ғана жоспарлай аламыз. Ал тым тереңде болмаған жағдайда біз станцияға қай жағынан да жақындай аламыз, бетондау мен сәулеттік жұмыстар да жеңілдей түседі. Тереңдегі жұмыстарға қарағанда құны да екі есе арзанға түспек, жылдамдық та ұлғаяды", - деді ол.

"Бұл біз үшін де, бюджет үшін де ыңғайлы болмақ: біраз уақытқа тек екі станция мен екі өткел ғана жоспарлап, оны бітіру оңтайлы. Бұдан кейінгі станциялар мен өткелдер тізбектеле қазіргі 8 шақырымға қосыла жалғаса берер еді. Бұл - нақты іске асар еді", - деді М. Өкшебаев.

Алматыда монорельс салу орындылығы туралы сауалға ол : "бірнеше себепке байланысты ол іске аспайды: сейсмика, төтенше жер қыртысы, көшелердің ұяшық тәсілімен өрілуі, ондай жағдайда барлық жасыл желектерді алу қажет болады, оның қоса шұғыл континенталдық климатымыз тағы бар",- деді. "Жылымық кезінде осы монорельстерде мұз қату үлкен тауқыметке апарып соғады. Монорельс мамыражай ауа райы ахуалында ғана салынуға тиіс", - деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Алматыметроқұрылыс" АҚ-ның хабарлауынша, метро құрылысы салыну барысында 117,3 млрд теңге игерілген. Соның ішінде 2004 - 2009 жылдары 86,2 млрд теңгесі игерілді. Бүгінгі жағдаймен туннельдер 100%, олардағы гидрооқшаулау жұмыстары 90%-ға атқарылды. Жолдың үстінгі бөлігін жайластыру жұмыстары жүргізілуде, 7,4 шақырым жол бетоны төселді. Шойын жолдарды төсеу жұмыстары басталды.

Алматы метросының құрылысы 1988 жылы басталған. Метроның бірінші желісі Райымбек даңғылынан Фурманов көшесінің астымен Абай даңғылына дейін, одан әрі батысқа қарай бұрылып, Гагарин даңғылына дейін созылады. Бірінші желінің ұзындығы 8,56 шақырым және ол жеті станциядан тұрады. Орташа тереңдік - 40 метр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны