28.03.2007, 19:00 3119

Мыңнан астам мұнайгаз компаниялары жылдың аяғына дейін отандық жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекеттік реестрінде тіркеледі

АСТАНА. 28-наурыз. Kazakhstan Today. Мыңнан астам мұнайгаз компаниялары 2007-жылдың аяғына дейін отандық жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық өнім өндірушілердің біртұтас мемлекеттік реестрінде тіркеледі. Бүгін журналистерге берген сұхбатында өнеркәсіп және ғылыми-техникалық даму комитетінің төрағасы Мейрам Қажыкен осындай болжам айтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біздің есептеуімізше, жылдың аяғына дейін мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушылар мен оларға тауарларын сататын өнім өндірушілер өз еріктерімен реестрде тіркеледі",- деді М.Қажыкен. "Бірақ бұл шек емес. Іс жүзінде реестрге өз еркімен тіркелетін 3-4 мың субьект болуға тиіс",- деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, қазіргі жағдаймен реестрде 130-дан астам компания тіркелді.

М.Қажыкеннің айтуынша, реестр ағымдағы жылдың ақпан айында іске қосылған және қазір ол тестіден өткізілуде. "Реестр жұмысының алғашқы нәтижелері біздің күткеніміздей болып шықты",- деді ол.

Комитет төрағасының нақтылауынша, қазір реестрге тұтынушыларды тіркеу тегін жүргізілуде. Оның айтуынша, бағдарлама шамамен бір жылдан кейін бағалы негізге көшеді, сол кезде ол "өзінің тиімділігін көрсетіп, тұтынушылар оның нәтижесіне көз жеткізеді".

"Мемлекеттік мекемелер үшін бұл реестрдің бір артықшылығы сол, олар жобалардағы қазақстанның үлесін тауарлық топтар тұрғысынан да, жер қойнауын пайдаланушылар тұрғысынан да автоматты түрде бағалай алады",- деді М.Қажыкен.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, отандық жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық өнім өндірушілердің біртұтас мемлекеттік реестрін үкімет қаржыландырады. М.Қажыкеннің айтуынша, қазір жасалып жатқан ережеге сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстанда жұмыс істеу үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері туралы жоспарларына қатысты толық ақпаратты ұсынып отыруға тиіс.

"Реестр арқылы жер қойнауын пайдаланушылар нақты тауар мен қызмет түрін қайдан сатып алуға болатындығы туралы ақпарат алса, өз кезегінде отандық өнім өндірушілер нарықта қандай тауар қажеттігін алдын-ала біліп отыратын болады",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны