27.09.2006, 13:45 3351

"Миттал Стил Теміртау" компаниясының басшылығы кеншілердің жалақысын көтеруге уәде беруде

ШАХТИНСК. 27-қыркүйек. Kazakhstan Today. "Миттал Стил Теміртау" АҚ-ның басшылығы кеншілердің жалақысын көтеруге уәде беруде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Компания жалақы міндетті түрде көтеріледі деп уәде беруде. Бірақ оның көлемі алдағы 10 күнде белгілі болады",- деп мәлімдеді бүгін Шахтинск қалалық әкімшілігінде өткен комиссияның отырысында "Миттал Стил Теміртау" АҚ көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презент.

Бүгін Шахтинск қаласында кеншілермен арадағы келіспеушілікті шешу жөніндегі комиссия жұмысқа кірісті. Комиссия жұмысына облыс әкімі Нұрлан Нығматулин, Шахтинск қаласының әкімі Нұрлан Төлепов, мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалинов, Владимир Нехорошев, "Миттал Стил Теміртау" АҚ-ның басшылығы мен Қарағанды облысындағы барлық сегіз шахтаның өкілдері қатысты.

Комиссия төрт апта жұмыс істейді. Барлық көкейкесті мәселелер жеке топтамалар түрінде, атап айтсақ, кеншілердің жалақысын көтеру, жұмыс жағдайын жақсарту, жабдықтарды жаңалау мәселелері жеке-жеке қарастырылмақ. Сонымен бірге Шахтинск қаласының әлеуметтік мәртебесіне қатысты мәселе талқыланады. Осыған байланысты бүгін облыс әкімі ауруханалар, мектептер секілді әлеуметтік нысандарды аралап, жолдардың жағдайымен танысып, жылу электр орталығында болмақшы.

Ал кеншілердің ереуілі одан әрі жалғасуда. Икімшілік ғимаратының жанында 700-дей адам жиналды. Олар кеншілердің жалақысын сағатына 15 долларға дейін көтеруді, бір тонна көмірдің жоспарлы өзіндік құнын жабдықтарды жаңалауға кететін шығынды ескеру негізінде көтеру, озық технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жұмыс жағдайын жақсартуды талап етуде.

Егер жалақы көтеру жөніндегі талабы 10 күннің ішінде орындалмаған жағдайда "кеншілерді жаппай қамтыған митинг" ұйымдастырмақшы. Кеншілердің айтуынша, қазір олардың жалақысы 25-30 мың теңгені құрайды.

Сонымен бірге кеншілер Ленин атындағы шахтаға 20-қыркүйекте жарылыс салдарынан істен шыққан жабдықты қалпына келтіруге қайтарымсыз қаржы бөлуді талап етуде. Олар сондай-ақ ұжымдық шартқа өзгерістер енгізіп, өлімге душар еткен өндірістік жарақатқа байланысты жалақының жылдық 10 еселенген көлемінде бір мәрте жәрдемақы бөлуді, 1 топтағы мүгедектікке душар болған жағдайда 5 еселенген, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектікке душар болған жағдайда 2 еселенген көлемде жәрдемақы бөлуді талап етіп отыр.

Бұған қоса кеншілер парламент депутаттарына мәлімдеме жолдап, қолданыстағы заңнаманың қатерлі және зиянды өндірістерде еңбек ететін қызметкерлер үшін жеңілдетілген зейнетақы беру жөніндегі бөлімін қайта қарап, қалалық бюджетті көбейту арқылы Шахтинск, Абай және Саран қалаларындағы әлеуметтік түйткілдерді шешуді сұрады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны