04.11.2019, 16:39 10564

Нұр-Сұлтан қаласында "Акбузат" башқұрт этномәдени орталығының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті

Шараға Башқұртстан Республикасынан арнайы келген қонақтар, елордалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Нұр-Сұлтан. 4 қараша. Kazakhstan Today - Елорданың Достық үйінде тағылымдық мәні бар шара өткізілді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Башқұртстан Республикасының 100 жылдығына орай, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен елордалық "Акбузат" башқұрт этномәдени орталығының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті.

Шараға Башқұртстан Республикасынан арнайы келген қонақтар, елордалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов құттықтау сөзін арнап, Маңғыстау облысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының башқұрт этномәдени орталығы беріп жіберген "Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл" мерекелік медалін елордалық "Акбузат" башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Урал Азнабаевқа табыстады.

Одан әрі Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова этномәдени орталықтың жетістіктеріне тоқталып өтті. "Достық үйі үшін "Башқұрт мәдениеті күні" мерекесінің маңызы зор. 2 жылдың ішінде "Акбузат" башқұрт этномәдени орталығы арқылы біз башқұрттар деп аталатын үлкен әлеммен таныстық. Қала тұрғындары мен қонақтарына олардың мәдениеті мен салт-дәстүрін толықтай таныстырдық", - деді өз сөзінде Л.Құсайынова.

Күннің суығына қарамастан, Достық үйінің залына келушілер саны көп болды. Қонақтар көрмеге қойылған башқұрт кітаптарымен, ұлттық әшекей-бұйымдарымен әрі тағамдарымен, тіпті республика картасымен танысып шықты .

Әдемі кеш Башқұртстанның Файзи Гаскаров атындағы мемлекеттік академиялық халықтық би ансамблінің солисі Миляуша Хайбуллина мен музыкант Загир Зайнетдиновтің және де "Акбузат" этномәдени орталығы белсенділерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ежелгі музыкалық аспаптардың бірегейлері кубыз, курайда Загир Зейнетдинов ұлттық және шетел туындыларын шебер орындап берді. "Жігітке жеті өнер де аз" демекші, өзі шығарған әсем әуендерін де көрермендерге ұсынды. Биден алыс емес екендігін де көрсетіп, қалың жұртшылықты қуантты. Ал Миляуша Хайбуллина болса, "Загида" , "Әппақ", "Зульхиза" билерін мың бұрала орындады. Қатысушылар 2 күндік шеберлік сабақтарында кубыз аспабымен сахнада өнер көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы "Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны