19.01.2012, 14:52 4680

Назарбаев Университетінде бірегей ғылыми зерттеулер жүргізілуде

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Назарбаев Университеті ғылыми-зерттеу саласында көшбасшы атанып, жоғары білім беру мен ғылымды дамытуда үздік әлемдік тәжірибе талаптарына сай болуды көздейді.

Астана. 19-қаңтар. Kazakhstan Today - Назарбаев Университетінде бірегей ғылыми зерттеулер жүргізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Назарбаев Университеті ғылыми-зерттеу саласында көшбасшы атанып, жоғары білім беру мен ғылымды дамытуда үздік әлемдік тәжірибе талаптарына сай болуды көздейді.

"Біз университетте білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа Назарбаев Университетінің базасында нарық сұранысына бағытталған жоғары оқу орнының инновациялық үлгісі қалыптасуда. Ол барлық қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі болуы тиіс", - деп мәлім етті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың қаңтарында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Назарбаев Университетінің базасында мақұлданған ең үздік халықаралық тәжірибелерге сай болатын білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеу жүргізудің жаңа стандарттары, автономдық және академиялық еркіндік ұстанымдары болашақта еліміздің барлық жоғары оқу орындарында тарайтын болады деп жоспарланып отыр.

"Назарбаев Университеті екі жылдан бері әлемнің үздік 30 университетінің қатарына кіретін оқу орындарымен әріптестік орнатуда. Бірінші қабылдаудағы студенттер инженерия, ғылым және технология, әлеуметтік ғылымдар атты үш мектепте бакалавр бағдарламасы бойынша оқуға кіріскен", - деді Премьер-Министрі - Назарбаев Университеті Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімов.

Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, ғылымды қалыптастыруға әлемдік тәжірибе енгізу үшін Назарбаев Университеті халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамытып, әлемнің барлық елінен талантты ғалымдарды тартуда. Мысалы, 2011 жылы зерттеу орталықтарында шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Энергетикалық зерттеу орталығында 7 жоба бойынша алдын ала нәтижелер алынды - Қазақстанның энергетикалық жүйесінде аналитикалық компьютерлік үлгі қалыптасты, туберкулез ауруын анықтау үшін ДНК-аптамерлері іріктелді, ұшық вирустарға қарсы вакцина жасау үшін ақуыздар "кітапханасы" құрылды, Ғаламтор мәліметтері жинағының түпнұсқасы дайындалды, қалпына келетін энергия көздері жүйесінде басқару әдістері мен үлгілері дайындалды, органикалық фотоэлементтердің эксперименттік үлгілері алынды.

Сондай-ақ, Өмір туралы ғылым орталығының жобалары бойынша зияткерлік жекеменшік құқықтарын тіркеуге 3 халықаралық өтініш берілді, 4 ілкі фармацевтикалық-экономикалық зерттеулер жүргізілді, шетелдік әріптестік базасында 13 ғылыми маман оқытылды, қажетті клиникалық фармакоцит зерттеулерін жүргізуге қажетті эксперименттік мәліметтер алынды. Білім беру саясаты орталығында мұғалімдердің білімін дамытудың (100 мұғалім) кәсіби бағдарламасы іске қосылып, сыни ойлау әдісі бойынша оқыту үшін 50 мұғалім дайындалуда.

Назарбаев Университетінің зерттеуінде 19 сала, соның ішінде қалпына келетін энергетика, трансляциялық медицина, білім беру саясатындағы зерттеу сияқты салалар басым бағыт ретінде анықталған.

Университетте төрт орталық, Энергетикалық зерттеу орталығы, Өмір туралы ғылым орталығы, Білім беру саясатының орталығы және Пәнаралық құрал орталығы жұмыс істейді. Жоғарыдағы орталықтар мен Университет мектептерінің базасында 31 зертхана жұмыс істеуде, олардың сегізі инженерлік зертхана болып табылады.

Университеттің әрбір мектебі мен орталығы әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатуда. Бұлар - University College London, iCarnegie, affiliate of Carnegie Mellon University, University of Wisconsin-Madison, Duke University Fuqua School of Business, National University of Singapore, Lee Kuan Yew School of Public Policy, University of Pennsylvania, Lawrence Berkeley National Laboratory, Argonne National Laboratory, McGowan Institute for Regenerative Medicine, Pittsburg University.

Назарбаев Университеті - инновациялық және ғылыми жобаларды мақұлдайтын бірегей қазақстандық жоба болып табылады. Университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуы Қазақстан үшін жаңа білім беру жүйесін құрып, отандық ғылымды халықаралық деңгейге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны