21.06.2012, 11:58 5600

"Назарбаев Зияткерлік мектептеріне" көптілді оқыту бағдарламасы енгізілуде

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап "Назарбаев Зияткерлік мектептеріне" Кембридж Университетімен бірлесіп жасалған үштілді оқытудың жаңа бағдарламасы енгізіледі, деп хабарлады "Назарбаев Зияткерлік мектептері" АҚ Білім бағдарламалары орталығының директоры Жанар Ибділдина Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

Астана. 21-маусым. Kazakhstan Today - "Назарбаев Зияткерлік мектептеріне" көптілді оқыту бағдарламасы енгізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап "Назарбаев Зияткерлік мектептеріне" Кембридж Университетімен бірлесіп жасалған үштілді оқытудың жаңа бағдарламасы енгізіледі, деп хабарлады "Назарбаев Зияткерлік мектептері" АҚ Білім бағдарламалары орталығының директоры Жанар Ибділдина Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

"2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап "Назарбаев Зияткерлік мектептерінде" үштілді оқытудың жаңа моделі іске асырылады. Бұл ықпалдастырылған білім бағдарламасы, барлық пән бойынша оқу жоспары біздің стратегиялық серіктесіміз - Кембридж Университетінің емтихан кеңесімен бірлесіп әзірленіп отыр",- деп атап көрсетті Жанар Ибділдина өз сөзінде.

Орталық директорының айтуынша, бағдарлама тіл үйретудің 2 түрлі моделін қамтып отыр. Бірінші модель тілді бастауыш сыныптан бастап оқытуды қарастырады. Мысалы, қазақ сыныптарының оқушылары үшін бірқатар пән орыс тілінде оқытыла бастайды. Оған қоса, математика, физика, химия, биология, экономика және "Жаһандық зерттеу перспективалары" пәндері ағылшын тілінде, әдебиет сабағы қазақ және орыс тілінде, география, Қазақстан тарихы және "Қазақстан заманауи әлемде" атты жаңа пән мемлекеттік тілде оқытылады.

"9-10 сыныптарда сабақ "Team-teaching" қағидасы бойынша жүргізіле бастағанына біраз болды, яғни сыныпта екі мұғалім - ағылшын тілінде сөйлейтін мұғалім және сабақ тіліндегі мұғалім жұмыс істейді. Осылайша, біз оқушыларды пәнді толық ағылшын тілінде игеруге дайындап жатырмыз", - деп атап көрсетті Ж.Ибділдина.

Ал екінші модель - сабақты толық қазақ тілінде оқытуды қарастырады. Бұл модельге сәйкес, барлық пәндер, 1 сыныптан бастап мемлекеттік тілде оқытылады, орыс тілі екінші сыныптан бастап енгізіледі, сабақтар "Team-teaching" қағидасы бойынша жүргізілетін болады.

Модель ерікті таңдауға негізделіп отыр. "Қалай болғанда да, түлек мектеп бітірерде барлық үш тілді жақсы білім шығатын болады",- дейді "Назарбаев Зияткерлік мектептері" АҚ Білім бағдарламалары орталығының директоры.

Көптілді оқытуға негізделген жаңа тұжырымдамалық бағдарлама оқушыларға шет тілді еркін меңгеруге мүмкіндік беретін тілдік ортаны қалыптастыруға бағытталып отыр. 2012 жылдан бастап үштілді оқыту саясаты Кембридж Университетімен бірлескен жұмыстың барлық алты бағытын қамтитын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны