24.03.2019, 18:16 5065

Норвегиядан келген саяхатшы Уильям Бихолт бір өзі шаңғымен Балхаш көлін жүріп өтті

Қазақ география қоғамының өкілдері Қазақстан аумағында мұндай экспедициялар мен саяхаттарды өткізу ішкі туризмді дамытуға және еліміздің бүкіл әлемдегі бет-беделін көтеруге жағдай жасайды деп өтті.

Алматы. 24 наурыз. Kazakhstan Today - "Қазақ география қоғамы" ҚБ қолдауымен Норвегиядан келген саяхатшы әрі зерттеуші, 27 жастағы Уильям Бихолт бір өзі шаңғымен Балхаш көлін жүріп өтті. Балхашты кесіп өтуге арналған мұндай экспедиция тұңғыш рет жасалып отыр. 23 күнге созылған саяхат кезінде 545 шақырымға тарта жол жүріп өтілді. Экспедиция 2019 жылдың 19 ақпанында Лепсі ауылының солтүстігінен 50 шақырым қашықтықтағы жерден басталып, 13 наурыз күні Бурылбайтал ауылында аяқталды.

"Осы жоба аясында біздің ұйым Уильямға техникалық, сабағаттық және ақпараттық қолдау көрсетті. Біріншіден, біз оған экспедицияға дайындау үшін көлдегі ауа-райы және климат жағдайы, флора және фауна мекендеушілері жайлы толық нұсқау бердік. Екіншіден, біздің әріптесіміз Балхашты дербес өзі жүріп өту міндетін өз алдына қойған болатын. Өзінің жол бойында ол бірде-бір елдімекенге кірмей, азық-түлік және су қорларын толтырған жоқ. Мұндай қатаң жағдайда біз қандай да бір төтенше оқиғаларды болдыртпау үшін саяхатшымен үнемі жерсеріктік байланысқа шығып отырдық", - дейді "Қазақ география қоғамы" ҚБ президенті Төлеген Тастанбеков.

Сондай-ақ, Қазақ география қоғамының өкілдері Қазақстан аумағында мұндай экспедициялар мен саяхаттарды өткізу ішкі туризмді дамытуға және еліміздің бүкіл әлемдегі бет-беделін көтеруге жағдай жасайды деп өтті.

"Біздің қоғамның басты миссияларының бірі - салауатты өмір салтын насихаттау, саяхаттарды дамытуға қолғабыс көрсету, сондықтан осы жобаны қолдау - осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тамаша мүмкіндік. Биылғы жыл Қазақстанда "Жастар жылы" деп жарияланды. Норвегиядан келген жас саяхатшымыз осындай экспедициялар арқылы қоршаған ортаны танудың тәсілдерін жастарға үлгі етіп көрсетіп отырғандығы да ерекше мәнге ие", - деп қосты Тастанбеков мырза.

"Бұл ерекше тамаша, қиындықтарға толы саяхат болды. Алайда жалпы алғанда, мен Қазақстанның сұлу әрі жабайы табиғатын ерекше бағалап отырмын. Қатты шаршауды сезініп тұрғаныма қарамастан, мен Балхаш көліне жасаған таңғажайып саяхатыма ерекше таңданыспен қараймын. Келешекте бұл саяхатым басқа да саяхатшыларға осы табиғат сұлулығын тамашалауға шабыт береді деп үміттенемін", - дейді Уильям Бихолт.

Уильям Бихолт

Уильям Бихолт 2010 жылдан бері экстремалды саяхатпен шұғылданады. Осы уақыт ішінде ол әлемнің 79 елінде, соның ішінде Венесуэла, Үндістан, Грузия, Армения, Непал және Перуда болып қайтты. Оны негізінен көпшілікке танымал емес бағыттар мен маршруттар қызықтырады, дегенмен, ол Альпыдағы Монблан шыңын, Боливиядағы Уайан Патоси шыңын және Аргентинадағы Аконкагуа шыңын бағындырған. Бұған дейін саяхатшы шығыс Индонезиядағы Бинайя тауының шыңына жалғыз өзі көтеріліп, осындай жетістікке жеткен әлемдегі тұңғыш адамға айналды.

Қазақ география қоғамы

"Қазақ география қоғамы" Қоғамдық бірлестігі 2010 жылы географиямен және саяхаттармен қызығатын ниеттес топтың бастамасымен құрылды.

Басты мақсаттары:

oТабиғат және қоғам туралы географиялық және сабақтас білімдердің дамуына жағдай жасау;

oҒылыми жетістіктерді насихаттау;

oГеографиялық және сабақтас білімдер саласында ғылыми шығармашылықты дамытуға жағдай жасау;

oӘлемді танудың тәсілі ретінде саяхаттардың дамуына жағдай жасау.

Біздің жоспарларымыз:

oӘртүрлі сипаттағы саяхаттарды, соның ішінде халықаралық экспедицияларды ұйымдастыруға, өткізуге көмектесу;

oҒылыми-зерттеу қызметін жүргізу;

oБаспагерлік қызметті жүзеге асыру, соның ішінде кітаптарды, топографиялық және картографиялық өнімдерді шығару;

oЭкспедициялар мен саяхаттар байқауын, соның ішінде фото және бейне байқауларын өткізу.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны