16.05.2007, 09:55 1304

"Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының парламенттік фракциясы Елбасы ұсынған конституциялық реформалар тұжырымдамасын қолдайды

АСТАНА. 16 мамыр. Kazakhstan Today. "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының парламенттік фракциясы Елбасы ұсынған конституциялық реформалар тұжырымдамасын қолдайды. Бұл туралы кеше Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік партиясының өкілдерімен және облыс әкімдерімен болған кездесуінен кейінгі брифингте "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Имзебек Жолшыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Елбасы бізбен кеңесті, конституциялық өзгерістерге байланысты өз ойымен бөлісті, болашаққа негіз салды және тұжырымдаманы айтып берді", - деді И. Жолшыбеков. "Бүгінгі кездесуге қатысқан депутаттардың барлығы түгелімен біздің мемлекетіміздің Ата Заңын өзгертуге байланысты тұжырымдаманы қолдайды. Депутаттар парламент палаталарының бірлескен отырысында да қолдайды деп ойлаймын", - деп атап өтті И. Жолшыбеков.

"Біздің президенттік басқару үлгісіндегі мемлекетіміз ресми түрде президенттік басқару сақталып отырғанымен біртіндеп президенттік-парламенттік басқару үлгісіндегі мемлекетке айналып бара жатыр", - деді депутат. "Негізінен алғанда Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті және Жоғарғы сот кеңесіндегі лауазымдарға тағайындаған кездерде парламент пен саяси партиялардың маңызы күрт өсіп отыр", - деді И. Жолшыбеков. Ол сондай-ақ, "демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның берген кеңесіне сәйкес депутаттар санын ұлғайту қарастырылып жатқанын" атап өтті.

"Сонымен қатар, сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында өзгерістер күтіліп отыр. Жергілікті өзін-өзі басқару түбегейлі өзгереді және жақсарады. Одан өзге, қолданыстағы Конституциядан нақты бір заңда көрсетуге болатын жерлерін алып тастау көзделіп отыр. Яғни, Конституцияны біздің өміріміздегі басы артық сипаттамаларынан босату", - деп сөзін қорытындылады И. Жолшыбеков.

Сенатор Анатолий Башмаков атап өткендей, "Конституцияға өзгерістерді екі оқылымда қарау жоспарланып отыр".

"Президент бұдан әрі де өзіндік, қазақстандық үлгісін тек экономикалық жүйеде ғана емес, сондай-ақ қоғамдық орта, яғни саяси және әлеуметтік институттар салаларында құруға және жасауға ниетті", - деп атап өтті сенат депутаты.

"Бұл республикада басқару түрі бойынша президенттіктен парламенттің үлкен өкілеттігі бар президенттік-парламенттікке өту жолында зор қадам болмақ. Менің ойымша, бұл Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарына кіру мақсатын іске асыруда маңызды жол", - деп сөзін қорытындылады сенатор Анатолий Башмаков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны