08.06.2007, 18:12 2875

"Нұр Отан" партиясы оралмандардың проблемасын шешу жөніндегі қоғамдық комиссия құруды ұсынады

АСТАНА. 8 - маусым. Kazakhstan Today. "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясы оралмандардың проблемаларын шешу жөніндегі қоғамдық комиссия құруды ұсынады. Бұл туралы бүгін "Оралмандардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жолы" атты "дөңгелек үстел" барысында Қазақстан Республикасының парламенті мәжілісінің депутаты Амангелді Таспихов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Ол проблемалардың мәні біздің көші-қон саясатымыздағы проблемалардың дұрыс шешілмей отырғандығында, сондықтан да жан-жақты бақылау қажет. Және аталмыш қоғамдық комиссия оң әсер ететіндігі сөзсіз",- деп түсіндірді журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон және демография жөніндегі комитетінің төрағасы Жазбек Ибдиев. "Бүгінгі күнде проблемалар шаш-етектен, себебі көші-қон - күрделі мәселе. Бізде заңнама базасы бар, бірақ елімізге көшіп келушілердің күрт өсуіне байланысты қазір барлығын материалдық жеңілдіктермен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр",- деп атап өтті ол.

Ол сондай-ақ, "материалдық көмекті қажет ететін көші-қон квотасына 15 мың оралман отбасы кіреді, олар 70 мыңға жуық адамды құрайды" деп қосты. "Мұндай көп иммигранттарға дүниежүзінің ешбір елі материалдық тұрғыдан қолдау көрсетпейді. Тіптен этникалық көші-қон қозғалысының пионерлері - Германия мен Израиль де тікелей ұлттық бюджеттен қаржы бөлмейді, ал Қазақстан бұл тұрғыдан бірегей үлгі көрсетіп отыр",- деп атап көрсетті ол.

Ж. Ибдиевтің айтуынша, ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда 2007 жылдың 1-ші қаңтарындағы жағдаймен 565 мың этникалық қазақ көшіп келіп, тіркелген. "Бұл көрсеткішті статикалық деп айтуға болмайды, бүгінгі күнде Қазақстанға біздің миллионнан астам отандастарымыз оралған",- деп қосты ол.

Ж. Ибдиев сондай-ақ, қазіргі уақатта көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқандығын еске сала кетті. "Жалпы түбегейлі өзгеріс болмайды, бірақ кейбір шараларды күшейту қажет",- деді ол. "Біздің еліміздегі әлеуметтік ахуал шетелдерден көптеген азаматтарды тартады, бірақ біз біз келген отандастарымыздың мүдделерін ескере отырып, мемлекет мүддесі туралы да ұмытпауымыз қажет",- деп қорытындылады Ж. Ибдиев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны