05.01.2007, 16:33 2923

"Общество сознания Кришны" бірлестігінің кейбір мүшелерінің жерге қатысты дауын қарап жатқан комиссия Қарасай ауданы әкімдігінің құрылыстарды қирату туралы шешімін орынды деп есептейді

АСТАНА. 5 желтоқсан. Kazakhstan Today. "Общество сознания Кришны" бірлестігінің кейбір мүшелерінің жерге қатысты көтерген дауын қарап жатқан комиссия Қарасай ауданы және Алматы облысы әкімдігінің , сонымен қатар Қарасай ауданы мен Алматы облыстық сотының заңсыз иеленген жерлердегі құрылыстарды қирату туралы шығарған шешімін орынды және заңды деп есептейді . Бұл жөнінде бүгін баспасөз мәслихатында аталған комиссияның төрағасы, ҚР әділет министрлігінің дін істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Аманбек Мұқашев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

А.Мұқашев комиссияның Орталық Азия бойынша "Общество сознания Кришны" діни бірлестігінің үйлестірушісі Говинда Свамидің сұрауы бойынша 2006 жылы 7 қыркүйекте құрылғанын атап өтті.

"Барлық жағдайды жіті қарап шыққан комиссия мынадай қорытындыға келді: "ОСК" ДБ кейбір мүшелері шындығында да заң бұзушылықтарға барған, атап айтқанда, "Мерей" шаруа қожалығының жер учаскелерін мақсатсыз пайдаланған, "Приозерье" бақша шаруашылығын заңсыз тіркеген, төрт үйді тиісті мекемелердің рұқсатынсыз мейманханаға айналдырған", деді комиссия төрағасы.

Оған қоса, А.Мұқашевтың айтуынша, діни шараларды ұдайы ұйымдастыратын діни бірлестік мүшелері үстінен сол маңдағы "Птицевод" серіктестігі тарапынан шағым түсіп жатады. "Мәселе тұрмыстық дауға қатысты болып отыр. Мәселен, электр қуатын пайдалануға, діни шараларға қатысушылардың тым көптігіне (200 жуық адам), сонымен қатар, сиырларды ортақ суға шомылдыру секілді жайттарға қатысты шағымдар келген. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда сиыр қасиетті мал емес, сондықтан да олардың өз сенім-нанымдарын өзгелердің құқықтарын ескере отырып жүзеге асырғандары дұрыс болар",-дейді А.Мұқашев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, даулы жердің аумағындағы мейманханаға айналған үйшіктерде "тұрып жатқан шетелдіктер көбінесе тиісті тіркеуден өтпей, заң бұзушылыққа барып отыр". Сөз соңында комиссия төрағасы, жергілікті атқару биліктің өткен жылы 21-22 қарашадағы 14 заңсыз тұрғызылған құрылысты қирату әрекеттерін орынды және заңды екенін атап өтті.

А. Муқашевтің айтуынша, дауласушы тараптарға қатысты ұсыныс жасалған. Атап айтқанда, Қарасай ауданының әкіміне болашақта Елтай ауыл округінде жерді жекешелендіру барысында мұндай кемшіліктерге жол бермеуді және жер мен сәулет , қала құрылысы заңдарының сақталуын қатаң қадағалуды, сонымен қатар, қазірде тоқтатылған бақшалы үйлер мен учаскелерді жекешелендіру шарасын одан әрі жалғастыруды тапсырды. "Сознание Кришны" бірлестігінің басшылығына Қарасай ауданының жергілікті атқару органдарына діни құрылыстарды салу үшін жер учаскелерін бөлу туралы заңды түрде арыз түсіруге, ал құлшылық ету мен діни салт-жоралғыларын "Діни сенім -наным еркіндігі мен діни бірлестіктер туралы" заңының талаптарына сай өткізуді ұсынды". Сонымен қатар, діни бірлестік мүшелеріне, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдарға және БАҚ-тарға туындаған жағдайға байланысты ақпар таратқанда "обьективті көзқарас ұстану" және "Қарасай ауданының Елтай округіндегі жер және саяжай учаскелеріне қатысты мәселені заңды түрде шешу" туралы ұсыныс жасалды.

Осыған дейін хабарланғандай, Алматы облысы Қарасай ауданындағы жер учаскесін "Общество сознания Кришны" бірлестігі 1999 жылы алған. 2005 жылы аудандық басшылар кришнаиттердің жерді мақсатсыз пайдаланғанын айтып, сотқа шағым түсірген. 2006 жылдың 21 қарашасында сот орындаушылары діни бірлестіктің 14 үйін қиратқан. Бұл әрекет Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасы, ЕҚЫҰ , Қазақстандағы АҚШ елшілігі тарапынан наразылық туғызды және әлемдік БАҚ тарапынан үлкен шу туғызды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны