25.03.2007, 14:23 3294

Ойынханалар мен ойын автоматтары орнатылған залдарда жұмыс істейтіндердің нақты саны ойын бизнесінің қауымдастығы мәлімдеген саннан бес есе аз - ҚР туризм және спорт министрі

АСТАНА. 25-наурыз. Kazakhstan Today. Ойынханалар мен ойын автоматтары орнатылған залдарда жұмыс істейтіндердің нақты саны ойын бизнесінің қауымдастығы 19-наурызда Астанада өткен арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеген саннан бес есе аз. Бұл туралы ҚР туризм және спорт министрі

Темірхан Досмұхамбетов бүгін үкіметте өткен селекторлық кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Икімшіліктердің мәліметіне сәйкес, 2007-жылдың 21-наурызындағы жағдаймен ойын бизнесі саласында жұмыс істеп жүрген адамдардың жалпы саны 10 337 адамды құрайды. Сөйтіп, ойын бизнесі салаларында жұмыс істейтіндердің нақты саны ойын бизнесінің қауымдастығы 19-наурызда Астанада өткен арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеген саннан бес есе аз",- деді Т.Досмұхамбетов.

Оның айтуынша, министрлік тарапынан жүргізілген талдау қорытындысы көрсеткендей, осы адамдардың 5 процентке жуығы ғана тек ойын бизнесі саласында қолданылатын кәсіби машықты игерген. "Үкімет басшысының тапсырмасымен облыс және қала әкімшіліктері "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заң күшіне енуге байланысты әлеуметтік ахуалдың ушығу мүмкіндігіне жол бермеу шараларының жоспарының жобасы жасалып қабылданған. Онда ойын бизнесі саласында жалдамалы жұмыс істейтін қызметкерлерді жұмыспен қамту және олардың кәсібін өзгертіп қайта оқыту, сондай-ақ, осы салада кәсіпкерлікпен шұғылданатындардың өз бағытын өзгертуіне жағдай жасау қарастырылған",- деді министр.

"Қазір әкімшіліктер ойын бизнесі саласындағыларға ойынханалар мен ойын автоматтары орнатылған залдардың іс-қызметін 1-сәуірде тоқтату жөнінде хабарландыру хат жолданып, оларда жұмыс істейтін адамдарды жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыруда",- деді Т.Досмұхамбетов. Оныңа айтуынша, Қарағанды облыстық әкімшілігі осы салада қызмет ететін 316 адамның 176-сын жаңа жұмыс орындарына орналастырған. "Алматы облыстық әкімшілігінің хабарлауынша, осы саладағы 214 адам толық жұмысқа орналастырылатын болса, Алматы (2744 адам), Астана (2000 адам ), Шығыс Қазақстан облысында (1220 адам) осы салада еңбек ететіндердің басым бөлігі жұмысқа орналастырылмақ",- деді Т.Досмұхамбетов.

Өз кезегінде Астана әкімі Асқар Маминнің хабарлауынша, "Еңбек туралы" заңды бұзу оқиғалары анықталды. Елордасында ойын бизнесі мекемелерінде істейтін 2000 адамнан небәрі 158 адаммен ғана еңбек келісім-шарты жасалған, демек, бұл сала негізінен көлеңкеде болған". "Бұл адамдардың бәрі де жұмысқа орналастырылады. Астанада ешқандай әлеуметтік ахуалдың ушығуы байқалмайды және оған жол берілмейді де", деп атап өтті қала басшысы. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Яков Заяцтың айтуынша, оңтүстік астанадағы ойын бизнесімен шұғылданатындардың біраз бөлігі өз бағыттарын өзгертетіндігі туралы өтініш беріп, "олардың кейбіреуі бойынша комиссия бағытын өзгерту жөнінде қорытынды шығарылды". "Қалада қызмет көрсету саласы жақсы дамығандықтан, адамдарды жұмысқа орналастыру тұрғысында қиындықтар болмайды деп ойлаймын",- деді қала әкімінің орынбасары.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов әкімдерге "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заң күшіне енгеннен кейін қалыптасқан ахуал туралы есеп беруді тапсырды. Бұл заң бойынша ағымдағы ыжлдың 1-сәуірінен бастап еліміздегі осы мақсатта арнайы бөлінген аймақтар - Алматы және Ақмола облысынан басқа жерлерде ойынханалар мен ойын автоматтары залдарының жұмыс істеуіне тыйым салынған. "Мен 2-сәуірде барлық әкімдердің ахуалға байланысты есептерін телефонмен тыңдағым келеді",- деді үкімет басшысы.

ҚР қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2007-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен елімізде 126 ойынхана, 865 ойын үстелі, 1918 ойын автоматтары залы немесе 24 мың ойын автоматтары тіркелген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны