03.12.2007, 09:35 1687

Омбыда Ресей-Қазақстан шекаралас аймақтарының тауар өндірушілерінің форумы аяқталды

Омбыда Ресей-Қазақстан шекаралас аймақтарының тауар өндірушілерінің форумы аяқталды

Павлодар. 3-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Омбыда Ресей-Қазақстан шекаралас аймақтарының тауар өндірушілерінің форумы аяқталды. Оның жұмысына Ресейдің Батыс Сібір және Орал аймақтары мен Қазақстаннан 600-ден астам бизнесмен, атқарушы билік органдарының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Омбы облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, сауда-экономикалық форум шеңберінде Қазақстан Республикасының іскерлік ортасының өкілдері 60-тан аса кездесу өткізген. Нәтижесінде оның жартысында нақты келісімдерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, Омбының "Юсон-Сібір" ЖШҚ, "Эталон" ғылыми-өндірістік кәсіпорыны", "Электроточприбор" ЖАҚ, "Инта-строй" ЖШҚ секілді ұйымдары Қазақстанға жаңа технология, құрал-жабдық, ағаш өнімдері және басқа да өнімдерді әкелетін болады. Инвестициялық ынтымақтастық туралы қазақстандық серіктестермен "Электроточприбор" ЖАҚ, "Омскэнерго" ААҚ, "Эталон" ғылыми-өндірістік кәсіпорыны", "Внешторгресурс" ЖШҚ кәсіпорындары келісті.

Сонымен бірге, форум аясында шекаралық қатынастарды және кәсіпкерлікті қолдауды дамыту, логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру, Омбы облысының аумағында кеден операцияларын жүргізу және сан салалы көлік кешенін құру жобасы сияқты маңызды мәселелер бойынша конференциялар мен семинарлар өткізілді.

Омбы облысының экономика министрінің орынбасары Владимир Федоров атап өткендей, мұндай кездесулер мемлекеттік маңызға ие. Себебі, мұнда іскерлік өмір, инвестициялық белсенділік төңірегінде ғана сөз қозғалмай, сонымен қатар, халықтың жұмыспен қамтылуы, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарды нығайту да күн тәртібінде болады. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастыққа президенттер Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев деңгейлерінде де ерекше көңіл қойылып отырғандығын еске салып өтті. Ол сондай-ақ, қазан айында Новосибирск қаласында өткен шекаралық ынтымақтастық форумында екі ел президенттері 2008-2011 жылдарға арналған шекаралық аймақтардың ынтымақтастығы бағдарламасына қол қойғанын да еске салды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Омбы облысының экономикасындағы жинақталған инвестиция көлемі бойынша алыс шетелдерді қоса есептегендегі негізгі серіктес елдердің ішінде жетекші орынға ие болып отыр. Жалпы сомадағы Қазақстан үлесі - 25 пайыз. 2006 жылы қазақстандық инвесторлар Омбы экономикасына шамамен 161 млн АҚШ долларын салған. Үстіміздегі жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштің өсуі болжанып отыр. Өйткені, 2007 жылдың алғашқы жарты жылдығының өзінде Омбы облысына Қазақстаннан 91 млн АҚШ доллары құйылған. Негізгі инвестиция салатын салаларға өңдеу өнеркәсібі, резеңке және пластмасса өнімдерін өндіру, көтерме және бөлшек сауда жатады. Облыс экономикасына жинақталған инвестицияның жалпы құрылымында ТМД елдерінің ішінде Қазақстан үлесі 96 пайызды құрап отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны