19.07.2007, 13:49 2805

Омбудсмен өзінің сот мәжілістеріне атсалысу құқығын іске асырмақшы

АСТАНА. 19 шілде. Kazakhstan Today. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл өзінің сот мәжілістеріне атсалысу құқығын іске асырмақшы. Бұл туралы омбудсмен Болат Байқадамов бүгін баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз сот процедураларына атсалысу мүмкіндігіміз таяу перспективада жүзеге асырылуы үшін күш салатын боламыз", - деді Б. Байқадамов.

Ол "былтыр Қылмыстық кодекс пен басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы арқылы сот жұмыстарына атсалысуға, сот тыңдаулары барысында адам құқығы ашықтан-ашық бұзылған істерді қайта қарауға мүмкіндік алу үшін талпыныстар жасалғанын" еске салды. "Бірақ, өкінішке орай, біздің бұл қадамдарымыз нәтиже берген жоқ", - деді омбудсмен.

Заңнамаға енгізілетін түзетулерді парламент қабылдағанымен, артынан Конституциялық сот оны Ата заңға сәйкес келмейді деп табуға байланысты заңға президент қол қойған жоқ.

"Заңға бағынатын ұйым ретінде біз осы жоба бойынша одан әріқарайғы әрекеттерден бас тарттық. Ендігі жерде жобаны өзгертіп, оны негізгі заңға мейлінше сәйкестендіруге тырысатын боламыз, мүмкін, сонда ол әсер ететін болар", - деді Б. Байқадамов.

"Біз бұл іске жаңа парламент жасақтала сала кіріспекшіміз. Ол қыркүйекте жұмыс істей бастайды, сол кезде біз тиісті комитетпен келісіп осы жұмысқа кірісеміз", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны