27.06.2006, 09:53 3259

Омбудсмен шетелдік компанияларда істейтін жұмысшылар құқығының бұзылу дерегін үкімет басшысының қаперіне салды

АСТАНА. 26-маусым. Kazakhstan Today. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов шетелдік кәсіпорындарда және шетелдердің қатысуымен құрылған компанияларда істейтін жұмысшылар құқығының бұзылу дерегін үкімет басшысы Даниал Ахметовтың қаперіне салып хат жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Менің атыма келген арыз-шағымдар мен БАҚ хабарламаларында шетелдік менеджерлердің ұлттық заңнама нормаларын өрескел бұзатын іс-әрекеттері мен осыған байланысты аталмыш кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің ауыр ахуалы туралы мәселе көптеп көтеріледі”,- делінген Б.Байқадамовтың хатында. Ол өндірісте жарақаттануға байланысты өтемдердің төленбеуі, жұмыстан заңсыз шығару және қауіпсіздік техникасын бұзу сынды еңбек заңнамасын бұзу деректерін атады.

Осыған байланысты Б.Байқадамов Қазақстанда шетелдік кәсіпорындардың іс-қызметіне бақылауды күшейту қажет деп пайымдайды. “Қазір талқыланып жатқан Еңбек кодексіне шетелдік жұмыс берушілердің іс-қызметін қадағалау тетіктерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мен азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің дұрыс тіршілік етуіне және тіршілік деңгейін тұрақты көтеруге жеткілікті жағдай қалыптастыратындай нормалар қарастыру қажет”,- делінген құжатта. “Сонымен бірге республиканың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек қорғау инспекцияларының кәсіпорындар іс-қызметіне жүргізетін тексерулерінің қорытындысын жариялап отыру тәжірибесін енгізу қажет деп санаймын. Бұл шара кәсіпорындар әкімшілігінің еңбек заңнамасын сақтау саласы бойынша тәртібін күшейтуге мүмкіндік берумен бірге осындай инспекциялардың ролі мен әлеуметтік маңызын нығайта отырып, олардың іс-қызметінің ашықтығын арттырады”,- деді Б.Байқадамов.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны