13.09.2006, 16:58 3564

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы дендропарк мемлекеттік меншікке қайтарылды

ШЫМКЕНТ. 13-қыркүйек. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы дендропарк мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне аудандық әкімшілік аппаратының жетекшісі Самат Сапарбаев хабарлады.

Оның айтуынша, Сайрам ауданының орталығы -Ақсукент ауылындағы дендропарк аудан тұрғындарының бастамасымен 1986-жылы құрылған. Саябақ негізін қалауда Өзбекстаннан әкелінген шығыс паланттары, Қырғызстаннан әкелінген шыршалар мен боз аршалар пайдаланылып, жалпы алғанда 70-ке жуық ағаш түрлері отырғызылды. 90-шы жылдардың ортасында дендропарк жеке қолға өтіп, қараусыз -күтімсіз қалды. Былтыр паркті мемлекеттік меншікке қайтару мәселесі қайта көтерілген.

"Үлкен жұмыстарды жүзеге асырудың арқасында біз паркті қайтарып алдық. Бұрынғы 17 гектар жердің қазір біз 12-сіне ғана иелік етеміз. Бірақ ол дендропаркті қайта жаңғыртуға жетеді",- деді С.Сапарбаев.

Оның айтуынша, дендропаркті қайта жаңғыртуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлмеу үшін аумақ бір жергілікті тұрғынға күрделі құрылыс салу құқығынсыз ұзақ мерзімді жалға берілді. "Жалға беру - мемлекеттік ресурсты пайдаланудың бір тиімді жолы. Ахуалға ықпал жүргізу тетіктері біздің қолымызда қалады",- деді ол.

Бүгінде Ақсукент дендропаркінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жасыл желектер қайта қалпына келтіріліп, аяқжолдар салынып, ойын алаңдары жабдықталуда, аттракциондар орнатылуда. Тұрғындар аумақты жайластыру шараларынан кейін мұнда балалардың жазғы лагерьлерін ұйымдастыруға болады деп сенеді. Бұл ата-аналардың балаларының демалысына жұмсайтын қаржысын үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны