04.07.2006, 18:00 2845

Оңтүстік Қазақстан облысында ауқымды экологиялық тексерулер жүргізіледі

ШЫМКЕНТ. 4-шілде. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында әкімнің тапсырмасымен ауа бассейні мен су көздерінің өнеркәсіптік қалдықтармен ластану жағдайын бір айда тексеріп шығатын жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Біз 5-шілдеде жұмысқа кірісеміз. Алғашқы тексеру қорғасын зауытының маңында жүргізіліп, онда қорғасынмен және басқа да ауыр металдармен ластану деңгейін айқындау үшін ауа мен жерден сынамалар алынады. Сондай-ақ, цемент және мұнай айдау зауыттарының аумағында да тексерулер жүргізіледі”,- деді облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасының бастығы Илібек Өмірәлиев.

Оның айтуынша, топ құрамына 19 адам енген. Олардың арасында кәсіби экологтар, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметінің, экологиялық полицияның өкілдері, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен бейресми ұйымдардың өкілдері бар. Топ құрамында сегіз бағыт бойынша жұмыс істейтін алты шағын топтар құрылған.

Экологиялық топтың бір айлық жұмыс қорытындысы экологиялық бекеттердің тұрақты мониторингінің материалдарымен, сондай-ақ, Қазгидромет, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау және басқа да экологиялық бақылауға қатысы бар мекемелердің мәліметтерімен біріктіріледі. Жинақталған материалдар әкімшілік пен облыстық мәслихатқа жолданады. Облыс басшылығы депутаттармен бірлесе отырып қандай экологиялық проблемаларлы уақыт ұттырмай шешу қажеттігін айқындап, қазір жұмыс істеп жатқан бағдарламаларлың аясында осы мақсаттарға қаржы қарастырады.

Илібек Өмірәлиевтің хабарлауынша, 2005-жылы облыстағы экологиялық жүйені сауықтыруға барлығы 45 млн. теңге бөлінген, ал биыл 196 млн. теңге бөлінбекші. “Заң бойынша айқындалған 70-80 проценттік экологиялық алымдарға біз алдағы жылы қол жеткіземіз, - деді табиғи ресурстар басқармасының бастығы. – Табиғат қорғау шараларына 2007-жылы 319 млн. теңге арнау көзделген. Бұл – экологиялық төлемдер бойынша жиналатын түсімдердің дәл 75 процентіне тең”.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны