02.03.2012, 10:28 3728

Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыс тобы әрекет етуде

Ведомство басшысы Владимир Божко бастаған жұмыс тобы су басып қалған аумақтарды тікұшақпен аралауда (суретте). Сапар барысында министр Бәйдібек ауданында, Түркістан қаласында, Ордабасы ауданының Темірлан кентінде болды.

Астана. 2-наурыз. Kazakhstan Today - Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыс тобы әрекет етуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, ведомство басшысы Владимир Божко бастаған жұмыс тобы су басып қалған аумақтарды тікұшақпен аралауда (суретте). Сапар барысында министр Бәйдібек ауданында, Түркістан қаласында, Ордабасы ауданының Темірлан кентінде болды.

"Төтенше жағдайлар министрі Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылының тұрғындарымен кездесті және үйлер мен қора-жайларға келген зардаптың көлемін анықтау және орын алған шығындарды бағалау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі таңда су тасқының салдарын жоюға ведомствоның атынан 692 адам, 114 техника, 21 жүзу құралы жұмылдырылып отыр.

Министр В.Божко бүгін сондай-ақ Шымкенттегі су басқан Забадам елді мекенінде болды және облыстық ТЖМ Дағдарыс орталығында кеңес өткізді.

ТЖМ құтқарушы бөлімдері Оңтүстік Қазақстанда су тасқыны басталғалы бері ұзындығы 1420 м асатын қорғаныс бөгеттерін тұрғызды, топырақ салынған 21 мыңдай қапшық дайындады және жағалауларды бекітті, су басып қалған аулалардан 35 мың текшеметрдің қар суын сорды. Оған қоса, су ағатын арналарды тереңдету жұмыстарын жүргізді.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша қазір Оңтүстік Қазақстан облысында сапармен жүр. С.Ахметов жұмыс сапарының барысында облыстағы қалыптасқан жағдаймен танысуда. Бірінші вице-премьер сондай-ақ тасқын судан зардап шеккен селолық округтердің тұрғындарымен кездеседі, гидротехникалық құрылғылар мен бөгеттердің жағдайымен танысады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкіметте селекторлық кеңесі өтіп, онда су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою шаралары талқыланған болатын. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко су тасқынына қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барысы туралы баяндаған еді. Қазіргі уақытта Үкімет Оңтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынының салдарын жою шараларын жүзеге асыруда және жағдайға жедел мониторинг жүргізуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны