25.02.2008, 10:53 1465

Оңтүстік Қазақстан облысында үш аудандағы су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда

Оңтүстік Қазақстан облысында үш аудандағы су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда

Шымкент. 25 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - 24 ақпандағы жағдаймен Оңтүстік Қазақстан облысында су басқан ғимараттардың жалпы саны 2345 құрады, соның ішінде 359 үй бүлініп, 12 744 адам зардап шекті, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Сарыағаш, Арыс, Ордабасы аудандарында ҚР ТЖМ-нің құтқарушылары тәулік бойы жұмыс істеп, адамдар мен олардың мүліктері көшіріліп, зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсетілуде.

Ордабасы ауданында үйлердің жертөлелерінен су айдау жұмыстары жалғасуда. Су жіберетін арықтарды мұздан тазарту және нөсер суын бұрып жіберу жұмыстары жүргізілуде.

Арыс ауданында Монтайтас теміржол станциясында 98 отбасы туыстарына көшірілді. Барлығы 728 адам көшіріліп, оларға үш тәулікке құрғақ тағамдар таратылды. Үйлер мен мектептердің жертөлелерінен су айдау жұмыстары аяқталды. Ақдала елдімекенінде жауын суы Арыс өзені мен су жіберу арналарына қарай бұрылды. Қазір елдімекен аумағында су деңгейі төмендеді. Бұдан былай тасқын жүруі мүмкін бағыттарда үш шақырымдық бөгет тұрғызу жоспарланған.

Қызыләскер елдімекенінің маңындағы су шайып кеткен А-15 "Жетысай-Сарыағаш" жол бөлігі жөнделіп, ондағы қозғалыс қайта жанданды.

Оқиға орнында еліміздің ТЖМ Владимир Божко жүр. Министр мен облыс әкімі Нұрғали Ишімовтың басқаруымен бұл күндері бірнеше жұмыс кеңестері өткізіліп, елдімекендердің үстімен ұшулар ұйымдастырылып, зардап шеккен тұрғындарды құтқару және көшіру мен тұрақты бақылау әрекеттері өзара үйлестірілуде.

Оқыс оқиға орнындағы іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру мақсатында оперативтік штаб құрылып, оны азаматтық қорғаныс және жедел әрекет ету департаментінің директоры генерал-майор Диханбек Сатылғанов басқаруда.

Құтқару және басқа да шұғыл әрекеттерге 1618 адам мен 134 техника, соның ішінде ҚР ТЖМ-нің Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімшелерінен 530 адам мен 65 техника тартылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны