07.09.2006, 15:50 2911

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалардың саны 49-ға жетті - толықтырылған нұсқа

ШЫМКЕНТ. 7-қыркүйек. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалардың саны 49-ға жетті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықов журналистерге хабарлады.

"Республикалық СПИД орталығының мамандары Оңтүстік Қазақстан облысының тағы 9 баласынан ВИЧ індетін анықтады. Жалпы дерт жұқтырғандар саны 49-ға жетті",- деді М.Сағындықов.

Облыста ВИЧ індетін жұқтырған балалармен бір уақытта емдеу мекемелерінде болған бес жасқа дейінгі балаларды тексеру одан әрі жалғасуда. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, барлығы 12 374 баланы тексеру межеленген, бүгінге дейін 4 мыңдай бала тексерілді.

М.Сағындықов бұл істе БАҚ-тардың оң роль атқарғанын атап өтті. "БАҚ-тардағы ақпараттық науқанның арқасында медициналық мекемелерге өз бетімен ВИЧ індетіне тексерілуге келетіндер көбейді",- деді ол.

Балалар арасында індеттің таралу себептерін тексеретін комиссиялар өз жұмысын одан әрі жалғастыруда. Бірақ әзірге нақты нәтижесі белгісіз. Басты себеп ретінде әзірге қан немесе қаны бар препараттарды ауыстырып құю аталуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны