20.03.2007, 16:52 3252

Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың ВИЧ індетін жұқтыру көрсеткішінің өсуі жаппай тексеру жүргізуге байланысты

ШЫМКЕНТ. 20-наурыз. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың ВИЧ індетін жұқтыру көрсеткішінің өсуі жаппай тексеру жүргізуге байланысты. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінің директоры Вячеслав Дудник мәлімдеді.

"Соңғы бірнеше күн ішінде балалардың ВИЧ індетін жұқтырғандығын анықтау көрсеткіші күрт өсіп кетті. Мұның негізгі себебі, біз облыстың, сонымен қатар аудандардың барлық емделу орындары мен емханалар бойынша балаларды жаппай, жан-жақты тексеруді бастадық",- деді В. Дудник. "Бұл Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің бізге эпидемиялық ахуал бойынша тексеру ауқымын кеңейтуге рұқсат беретін бұйрығынан кейін ғана мүмкін болып отыр" деп түсіндірді ол. Және де департамент директоры "біз бүгінде СПИД орталығына өте шұғыл анализ жасауға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар сатып алдық", деп қосты.

СПИД орталығының бас дәрігері Наталья Бабина қазіргі уақытта ВИЧ індетін тексеру ауқымы екі есеге кеңейгендігін және науқас балалармен байланыста болғандардың арасынан анықтау көрсеткіші артты, деп хабарлады. "Қазір облыстық СПИД орталығында байланыста болған балаларды ғана емес, облыс стационары мен емханаларға келген балалардың барлығына да мұқият тексерулер жүргізіліп жатыр. 2006 жылдың желтоқсанында 1885 бала тексеруден өтсе, 2007 жылдың қаңтарында - 4326, ал ақпанда - 11 502 бүлдіршін тексеруден өтті. Жыл басынан бері ВИЧ індетін жұқтырған 17 бала анықталды, олардың төртеуі - қаңтарда, төртеуі - ақпанда анықталса, наурызда - тоғыз бала анықталды",- деді Н. Бабина.

Денсаулық сақтау департаментінің директоры В. Дудниктің айтуынша, қазірде ВИЧ індетін тіптен 2005-2006 жылдары жұқтырған балалар анықталып жатыр. "Бұл қайта жұқтырған балалар емес,-деп сендірді ол. - Індетті тексеру нәтижесі бұл балалардың 2005 жылдың аяғында ауырғандығын көрсетіп отыр". В. Дудник, жаппай тексеру барысында ВИЧ індетін жұқтырған балалар санының одан әрі өсетіндігін айтты.

Бұрын хабарлағанымыздай, қазіргі күнде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 102 бала анықталған, олардың сегізі қайтыс болып, біреуін асырап алған, және де ВИЧ індетін 13 ана жұқтырған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны