27.07.2007, 10:41 3032

Оңтүстік Қазақстан облысындағы сотталған медицина қызметкерлерінің отбасылары кәсіподақ ұйымынан материалдық көмектер алды

ШЫМКЕНТ. 27 - шілде. Kazakhstan Today. Республикалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Мереке Бутина сотталған медицина қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмектерді жеткізіп берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

М. Бутина Шымкентке Республикалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ ұйымы бөлген 1,5 млн теңгені алып келді. Балаларға ВИЧ індетін жұқтыру ісіне қатысты сотталған және қазіргі уақытта қамауда отырған дәрігерлердің отбасылары 100 мың теңгеден алды.

Республикалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Мереке Бутина журналистер мен сотталғандардың туыстарына ұйымның сотталған дәрігерлерді босатып алу үшін қандай қадамдар жасап жатқандығы туралы да айтып өтті. "Біз Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, Адам құқығы жөніндегі уәкілге, Адам құқығы жөніндегі комиссияға біздің барлық арыз-өтініштерімізді жеткіздік, енді оларды қандай әрекет жасайтындығын күтіп отырмыз. Қазір мен "Нұр Отан" партиясының басшыларынан ресми қабылдауды сұрап отырмын және де қабылдаудан үміттенем",- деді кәсіподақ ұйымының төрайымы Мереке Бутина.

Оның айтуынша, сотталған дәрігерлерді қолдауға бағытталған іс-шаралар Қазақстанның бес облысында жүргізілген. Сотталған медицина қызметкерлерінің отбасыларын үнемі материалдық тұрғыдан қолдау үшін облыстық кәсіподақ ұйымының жанында арнаулы қор құрылған. Сонымен қатар, Республикалық ата-аналар кеңесінің ақпараттарына сүйенсек, елімізде ВИЧ індетін жұқтырған балаларды қорғау мен қолдауға қатысты бір де бір іс-шара жүргізілмеген.

Бұрын хабарлағанымыздай, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мүшелері Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, Адам құқығы жөніндегі уәкілге, Адам құқығы жөніндегі комиссияға үндеу жолдаған болатын. Онда Балаларға ВИЧ індетін жұқтыру ісі бойынша сотталған медицина қызметкерлеріне қатысты үкімнің әділетсіз екендігі туралы айтылып, "аталмыш істі білікті сарапшыларды тарта отырып, қайталап мұқият тергеу жүргізуді талап еткен болатын".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны