27.12.2006, 11:10 2833

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер ВИЧ індетін жұқтырған балаларды өз қамқорлығына алды

ШЫМКЕНТ. 27-желтоқсан. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер ВИЧ індетін жұқтырған балаларды өз қамқорлығына алды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер ВИЧ індетін жұқтырған балаларды өз жебеушілігіне алады",- деп мәлімдеді кәсіпкерлердің жалпыұлттық "Атамекен" одағының филиалы мүшелерінің жиынында осы филиал төрағасы Тұрсынбек Асанбаев. Оның айтуынша, кәсіпкерлер ВИЧ індетін жұқтырған балалары бар 73 отбасына тұрақты көмек көрсетіп тұратын болады. "Ол үшін әрбір кәсіпкер өз ұжымына бір баладан қабылдап, оны еңбек ұжымының мүшесі ретінде рәсімдеп, балаға ай сайын ең төменгі жалақы көлемінде жәрдемақы төлеп тұрмақ",- деді Т.Асанбаев.

"Балаларды СПИД-тен қорғау" қорының жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшелері өз жиындарында Шымкент пен аудандардағы кәсіпкерлердің тізімімен танысып, олардың арасынан ВИЧ індетін жұқтырған балаларға көмек көрсетуге қауқары бар құрылымдарды іріктеуге талпынды. Жиын соңында қор төрағасы Сағдат Масауров пен "Атамекен" филиалының жетекшісі Т.Асанбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, қазіргі жағдаймен Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 84 бала мен 12 ана анықталған. Індет жұқтырған 8 бала қайтыс болған, бір баланы асырап алып АҚШ-қа алып кеткен, тағы жеті бала облыс аумағынан тысқары жерлерде жүр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны