25.12.2006, 11:05 2537

Оңтүстік Қазақстан облыстық полициясы ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 325 баланы таппады

Оңтүстік Қазақстан облыстық полициясы ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 325 баланы таппады

ШЫМКЕНТ. 25-желтоқсан. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облыстық полициясы ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 325 баланы таппай отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"325 баланың тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмай отыр. Өйткені, олар еш жерде тіркелмеген",- деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД төрағасының орынбасары Батырбек Отыншиев ВИЧ індетімен күрес жөніндегі штабтың отырысында.

Полковниктің айтуынша, ВИЧ індетін жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болғандарды тексеру барысында дәрігерлер полицияға облыстық және қалалық балалар аурухаларарында карталары табылған балалардың аты-жөндерінің тізімін берген. "ІІД-іне өткерілген тізімде 646 бала болған. Тексеру барысында 14 баланың анкеталық көрсеткіштері екі мәрте көрсетілгені анықталды. Осыған байланысты 632 бала тізімде қалған. Оның ішінде 307 бала анықталып, 277-сі СПИД орталығына жеткізілсе, 22 бала қайтыс болған, 6 бала ТМД елдері мен республиканың басқы облыстарына қоныс аударған, екі бала тексертуден бас тартқан",- деді Б.Отыншиев.

Оның айтуынша, қалған 325 баланы іздестіру барысында тізімде көрсетілген мекенжайда тұрып жатқан тұрғындардан түсініктеме, тұрғылықты жерлерінен, АХАЖ қызметінен, аудандық балалар ауруханалары мен емханалардан, отбасылық дәрігерлік амбулаториялардан анықтамалар жиналған. Жиналған материалдар 18 том болды. "Нәтижесінде балалардың көрсетілген мекен-жайларда тұрмайтындығы, ал АХАЖ органдарында олардың туғаны туралы ақпараттардың жоқтығы анықталған",- деді Б.Отыншиев.

Штаб бастығы, облыс әкімінің орынбасары Ислам Ибішев полковниктің баяндамасына қатаң жауап қатты. "325 баланы таба алмай қою әсте мүмкін емес. Бұл сіздердің дұрыс жұмыс істей алмай отырғандарыңызды көрсетеді. Осы жұмысты түбегейлі аяқтауға бір апта уақыт беремін. Олай болмаған күнде біз ІІМ-мен хабарласатын боламыз, басқа адамдарды жіберсін",- деді ол.

Штабтың отырысы барысында басқаша пікір айтылмағанымен, мамандардың күңкіл пікірінше, полиция таба алмаған 325 бала шын мәнінде жоқ болуы мүмкін. "Бұл дәрі-дәрмекті жымқыру мен есептік көрсеткішті көбейту үшін медициналық мекемелерде жалған қосылған мәліметтер болуы ықтимал",- деген болжам жасады бір қатысушы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандардың тізіміне 9949 бала енгізілген. Тексеру барысында ВИЧ індетін жұқтырған 84 бала анықталды.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, 2006-жылдың 11 айында жалпы алғанда Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты 235 оқиға тіркелді. Ауру көрсеткіші әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 10,7 болды. Бұл 2005-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 1,9 есе артық.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны