22.05.2007, 13:50 2845

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы заң бұзушылықпен жұмыс істеп келген бірқатар жоғары оқу орындарын анықтады

ШЫМКЕНТ. 22-мамыр. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы заң бұзушылықпен жұмыс істеп келген бірқатар жоғары оқу орындарын анықтады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ҚР "Білім беру туралы" және "Лицензия беру туралы" заңдары талаптарының орындалуын тексеру барысында прокуратура Шымкентте жұмыс істейтін "Мәскеу мемлекетаралық қатынастар институты" атты мемлекеттік емес білім беру мекемесінің өкілдігі лицензиясыз білім беріп келгені анықталды. Бұл өкілдіктің штатында небәрі үш адам - директор, есепші және хатшы ғана болған. Жоғары оқу орнының сырттай оқитын бөлімінде 298 студент тіркеліпті. Талапкерлер бірыңғай ұлттық тестілеу сертификатынсыз қабылданып келген. Оқу төлемі 60 мың теңгеге тең.

Қазақ жол қатынастары университетінің өкілдігі мен осы университеттің техника-экономикалық колледжінің өкілдігін тексеру барысында прокуратура өкілдері осында оқитын студенттердің алты мамандық бойынша жалға алынған небәрі төрт бөлмесі бар ғимаратта дәріс тыңдап келгенін анықтады. Яғни, әрбір студенттің үлесіне тиетін орынның алаңы нормаға сай келмейді, әдістемелік және кітапхана базасы жоқ, қажетті оқытушы-профессорлар құрамы болмай шыққан.

Тексеру барысында белгілі болғанындай, Алматы халықаралық бизнес университеті Шымкентте қашықтан оқыту орталығын ашқан, бірақ ол жалға алынған бір ғана бөлмеде орналасып, қашықтан оқыту әдісімен оқытуды осы жерде жүргізіп келген. Алайда, прокуратурадағылардың пайымдауынша, бұл аталмыш білім беру тәсілі үшін қарастырылған квалификациялық талаптарға сай келмейді. Оның үстіне қашықтан оқытудың мемлекеттік стандарды әзірге жасалған жоқ.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, осы бағыттағы тексерулер одан әрі жалғасады, прокурорлық тексеру шаралары тексеру соңында қолданылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны