26.10.2017, 16:54 6695

"Оралман" фильмі Италияда екі бірдей жүлдеге ие болды

Режиссер Сәбит Құрманбековтіӊ "Оралман" көркем фильмі Италияда өткен ХХ Халықаралық "Religion Today" ("Бүгінгі дін") кинофестивалінде "Үздік фильм" жүлдесімен марапатталды.

Алматы. 26 қазан. Kazakhstan Today - Режиссер Сәбит Құрманбековтіӊ "Оралман" көркем фильмі Италияда өткен ХХ Халықаралық "Religion Today" ("Бүгінгі дін") кинофестивалінде "Үздік фильм" жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, аталған туынды SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасыныӊ арнайы жүлдесіне қол жеткізді (Коммуникация жөніндегі әлем католиктері ассоциациясыныӊ жүлдесі).

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігініӊ тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген аталмыш фильм туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соӊ Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды.

Биыл халықаралық "Religion Today" кинофестивалініӊ негізгі байқауында 28 елден 41 толықметражды картина бақ сынады. Фестивальдіӊ үздік фильмдерін халықаралық қазылар алқасы анықтады. Олардыӊ құрамында режиссер Бенджамин Фрейденберг, сербиялық режиссер Горан Радованович, "Кинодағы босқындардыӊ үні" бағдарламасыныӊ директоры Бернадетт Шрамм және басқалар.

Фестивальдіӊ Бас жүлдесі италиялық режиссер Эрманно Олманыӊ "Көрдіӊдер ме, мен де сендер сияқтымын" атты картинасына бұйырды. "Үздік қысқаметрлі фильм" жүлдесін Луиза Роуздыӊ "Чоп" фильмі иеленді, ал "Үздік деректі фильм" жүлдесі ирандық режиссер Беруз Нуранипурдыӊ "А 157" атты фильміне берілді.

Одан бөлек, фестивальде халықаралық қазылар алқасымен бірге SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасы жұмыс істеді. Оныӊ құрамында Маттео Асти (Италия), Гуидо Конвентес (Бельгия), Бланка Мария Монзон (Аргентина) және Магали Ван Реет (Франция) болды.

Тәуелсіз қазылар алқасыныӊ мүшелері "Оралман" фильмініӊ режиссері Сәбит Құрманбековке айрықша алғыстарын білдіріп, былай деді: "Бұл фильм Орталық Азиядағы еӊ керемет фильмдердіӊ бірі. Қарияныӊ атажұртына деген махаббаты әдемі бейнеленген. Егер де әр босқынныӊ жүрегінде ата жұртқа оралуға деген үміт болса, қиындықтарға қарамастан, мақсатына жете алады".

Естеріӊізге сала кетсек, "Оралман" көркем фильмі осы жылдыӊ басында

Иранныӊ астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалініӊ Бас жүлдесін жеӊіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде "Үздік ер адам рөлі" жүлдесімен марапатталды.

Айта кетсек, "Оралман" көркем фильмі халықаралық прокатқа шығып, шетелдерде көрсетіліп жүр. Бұл фильмді бірінші болып Австралияныӊ талғампаз көрермендері тамашалады. Келесі жылдыӊ басынан бастап "Оралман" фильмі Италияда прокатқа шығатын болады.

Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдыӊ 30-шы жылдары қызыл әскердіӊ жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттыӊ бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдыӊ отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ, "Қадам" ЖШС (кинокомпания) қатысуымен

Жанры: әлеуметтік драма

Режиссері: Сәбит Құрманбеков

Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтіӊ қатысуымен

Қоюшы операторы: Марс Умаров

Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев

Композиторы: Айдос Сағат

Анықтама: Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ - Көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеӊде тұрған өнімдермен (оныӊ ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясыныӊ тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияныӊ өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған "Мосфильм және "Ленфильм" киностудияларымен бірлесіп, Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеӊінде отандық көркем фильмдердіӊ 80 пайызын аталмыш Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы "Қазақфильм" атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияныӊ көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтыӊ есімі берілді.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны