18.05.2007, 16:45 3331

Орталық Азия елдеріне өзара интеграциялану және саяси-экономикалық әлеуетін арттыру қажет - ҚР индустрия және сауда министрі

АЛМАТЫ. 18-мамыр. Kazakhstan Today. Орталық Азия елдеріне өзара интеграциялық процестерді жүзеге асыру және саяси-экономикалық әлеуетін арттыру қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 63-сессиясы аясында өткен БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасы - СПЕКА-ның жалпы отырысында сөз сөйлеген еліміздің индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ғ.Оразбақовтың айтуынша, "өңірдің жаңа геосаяси ролі бірқатар факторларға байланысты". Оның айтуынша, "біріншіден, өңірдің Еуразия құрлығының кіндік тұсында орналасуы оның Еуразиянеың басым бөлігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке тигізетін ықпалы тұрғысынан стратегиялық маңызға ие". Екіншіден, деді Ғ.Оразбақов, "Орталық Азиялық әрбір мемлекет пен жалпы аймақтағы ахуалдың түрлі бағытта өрбуі көп жағдайда Еуразиялық кеңістіктегі тепе-теңдіктің перспективасын айқындай алады".

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, "Орталық Азияда әлемдік маңызы бар табиғи ресурстардың, соның ішінде бірінші кезекте көмірсутегі шикізатының шоғырлануы әлемнің көптеген жетекші елдері тарапынан өңірге деген қызығушылықты арттырады". "Ал бұл елдер нақты бір геосаяси мақсаттарды көздейді. Өйткені, отын-энергетикалық ресурстар мен оларды тасымалдау жолдарын бақылау өңірдегі ахуал мен әлемдік нарық конъюнктурасына тікелей әсер етуге мүмкіндік береді",- деді ол.

"Орталық Азия Еуропа мен Азияның транспорттық дәліздерінің тоғысында және онда кең көлемді көлік-коммуникациялық желіге ие. Иран арқылы өңір елдері Парсы шығанағына шықса, Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үнді мұхитына, Қытай арқылы Оңтүстік Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағына шығады",- деді Ғ.Оразбақов. "Мен келтірген факторлар осында орналасқан елдер үшін өзара интеграциялық процесстерді жүзеге асыру және саяси-экономикалық әлеуетін арттыру қажеттігін айғақтайды",- деді ол.

"ЭСКАТО сессиясын Еуразия құрлығының кіндігі - Қазақстанда өткізу жалпы Орталық Азия аймағы мен Қазақстанның әлемдік экономикадағы маңцызының арта түскеніне дәлел",- деді Ғ.Оразбақов. Оның айтуынша, өңірде 60 млн астам адам (4 млн шаршы метрден астам аумақта) тұрады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны