02.05.2007, 18:07 3662

Орталық Азияда тұңғыш рет Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға мониторинг жүргізу жобасы қолға алынды

АЛМАТЫ. 2-мамыр. Kazakhstan Today. Орталық Азияда тұңғыш рет Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға мониторинг жүргізу жобасы қолға алынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бүгін, 2-мамырда GEM, немесе, кәсіпкерлікті дамытуға ғаламдық мониторинг жүргізу жобасы қолға алынды", деп мәлімдеді Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі USAID жобасының директоры Патрик Пернер. "Бұл жобаға әлемнің жоғары деңгейде дамыған 40 елі кіреді",- деді ол.

Оның айтуынша, шағын кәсіпкерліктің дамуына мониторинг жүргізу жобасын USAID пен Қазақстан үкіметі қаржыландырып, жобаны жүзеге асырумен Павлодардағы Инновациялық Еуразиялық университет пен Алматыдағы әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер жөніндегі "Бриф" агенттігі шұғылданады.

Патрик Пернердің айтуынша, жобаның мақсаты - кәсіпкерлік белсенділік деңгейін және осы деңгейді айқындайтын факторларды анықтау, сондай-ақ, кәсіпкерлік белсенділікті көтеруге түрткі болатын стратегияның жобасын жасау болып табылады.

Жобаны жүзеге асыру Қазақстанға әлемдік озық тәжірибеге ие елмен кәсіпкерлік белсенділікті салыстыруға және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттің қолдауын бағыттауға мүмкіндік береді, деп санайды П.Пернер.

Алматыдағы әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер жөніндегі "Бриф" агенттігінің жоба менеджері Айнұр Ахматуллинаның айтуынша, зерттеулер ағымдағы жылдың мамыр айының 2 мен 20 аралығында еліміздің 14 ауданында, ірі және шағын қалаларда 100-ден астам елдімекенде, ауылдарда жүргізіліп, оның аясында 18 бен 64 жас аралығындағы 2000 респондент сауалнамаға қатысады.

Баспасөз мәслихатына қатысушылар бұл жобаны жүзеге асыруда "адамдардың кейбір себептермен сұрақтарға жауап беруден бас тартуы мүмкіндігіне" байланысты қиындық туындауы ықтимал деген қауіптерін білдіреді. Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі USAID жобасының менеджері Гульнора Якубованың пікірінше, 2007-жылдың наурыз және сәуір айларында Алматы мен Алматы облысында жүзеге асырылған пилотты жоба барысында "қазақстандық отбасылардың 40 проценттен төмен бөлігі зерттеу сұрақтарына жауап беруге келіскен". "Бұл сан GEM бағдарламасы үшін талап етілетін ең төменгі көрсеткіш - 60 процентке жетпейді. Біздің көрсеткіштер Ресей (70%) мен Латвиядағы (95%) көрсеткіштен төмен",- деді ол.

Баспасөз мәслихатына қатысушылардың хабарлауынша, GEM - Лондон экономика мектебінің базасында негізі қаланған ғаламдық коммерциялық бағдарлама. Ол қатысушы елдердегі кәсіпкерлік белсенділікті өлшеп, салыстыра талдауды, сондай-ақ, әр елде кәсіпкерлік ортаны жетілдіруге бағытталған стратегиялық нұсқаулардың жобасын жасауды көздейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны