21.04.2008, 09:45 1577

Өскеменде ономастикалық реформалардың екінші толқыны басталды

Өскеменде ономастикалық реформалардың екінші толқыны басталды

Өскемен. 21 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Өскеменде ономастикалық реформалардың екінші толқыны басталды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып.

Телеарна ақпараттарына сүйенсек, қалалық мәслихат депутаттары қаланың бірнеше көшесінің атын өзгертуге қолдап дауыс берді. Ал кейбір халық қалаулылары кеңестік атауларды өзгертуге қарсы шықты.

"Қалалық мәслихат депутаты Игорь Потапов атауларды өзгертуді қолдаушыларға Өскеменнің көшелер атын өзгертуге қарсы шамамен 2500 тұрғынның қолы жинақталған папканы көрсетті", - деп хабарлайды телеарна.

Өскеменде 600 көше бар. Соның тек 15-ғана тікелей Қазақстанмен байланысты. Негізгі талас қаланың орталық Пролетарский мен Ушанов көшелеріне қатысты өрбіді. Алғашқысын Қабанбай батыр, екіншісін Қазақстан деген атауларға өзгерту жөнінде ұсыныс енгізілді.

Бұрын хабарлағанымыздай, бір жыл бұрын облыс орталығындағы Ленин көшесі мен даңғылының, Тоқымашылар (Текстильщики) даңғылының, Киров атындағы саябақтың атаулары өзгертілген-ді. Сол кезде қалалықтардың қарсылығы сотқа ұласқан болатын. "Набережная Красных орлов" көшесінің тұрғыны көшенің атын өзгерту арқылы шенеуніктер "Қазақстан азаматтары өздерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтаулары керек" делінген ел Ата Заңын бұзды деп сотқа шағымданған болатын. Алайда сот оның қала әкімдігіне түсірген шағымын қанағаттандырмады. Енді депутаттар сот ісінен қорықпай-ақ қоюларына болады. Көшелердің аты өзгертіледі. Жаңа атаулар жазылған тақташалар ғимараттар мен тұрғын үйлердің қабырғаларында бір айдан кейін пайда болмақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны