17.03.2010, 17:22 3779

"Өзенмұнайгаз" филиалында Бітімгерлік комиссия құрылды

"Өзенмұнайгаз" филиалында Бітімгерлік комиссия құрылды

Астана. 17 наурыз. Kazakhstan Today - "Өзенмұнайгаз" филиалында Бітімгерлік комиссия құрылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today компанияның жұртшылықпен байланыс бөліміне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-на ("ҚМГ БӨ" компаниясына) қарасты "Өзенмұнайгаз" (ӨМГ) өндірістік филиалында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында филиал жұмыскерлерінің 1-наурыз күні басталған заңсыз наразылық акциясы аясында Бітімгерлік комиссия құрылды".

"Кеше "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин Жаңаөзен қаласына келіп, ереуілдеп жатқан филиал жұмыскерлерімен кездесті. Кездесу барысында Қайыргелді Қабылдин мұнайшыларды барлық мәселелерді Бітімгерлік комиссия құру арқылы заң шеңберінде шешуге шақырды",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сонымен қатар, кадрлық мәселелер (қызметтен босату, тағайындау) еңбек дауына негіз болмайтыны және еңбек ұжымының құзырына жатпайтыны аталып өтті. Сондай-ақ Қайыргелді Қабылдин "Өзенмұнайгаз" ӨФ кәсіподағы активімен кездесті".

Хабарламада атап көрсетілгендейй, наурыздың 17-і күні таңертеңге қарай автобекетте өткен жиналыста ереуілге шыққан жұмыскерлер Бітімгерлік комиссияның құрамында келіссөздер жүргізу үшін өз араларынан 12 адамды өкіл етіп сайлады. Ереуілшілер акцияға қатысушылардың ресми талаптарының тізімін және келіссөздер процесінде ӨМГ еңбек ұжымының мүддесін қорғайтын жұмыскерлерден Бітімгерлік комиссия құрамын белгіледі. Комиссия жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласының әкімі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуда".

"Заңсыз ереуілді тездетіп тоқтату және жұмыскерлер жұмысқа шыққан жағдайда өндірістік көрсеткіштерді қалпына келтіру мақсатында, компания басшылығы "Өзенмұнайгаз" ӨФ жұмыскерлеріне, оның ішінде, құрылғалы жатқан Бітімгерлік комиссия мүшелеріне 2010 жылдың 1-наурызында басталған ереуілге қатысқаны үшін тәртіптік жауапкершілік шараларын қолданбауға кепілдік береді. Облыс және қала әкімдігі, сондай-ақ құқық қорғау органдары да осындай кепілдік берді",- делінген хабарламада.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Өзенмұнайгаз" ӨФ директоры Бағытқали Бисекен өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today компанияның жұртшылықпен байланыс бөліміне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "наурыздың 15-і күні "Өзенмұнайгаз" ӨФ директоры Бағытқали Бисекен өз еркімен қызметінен кетті. Ол өзінің филиал қызметкерлеріне жасаған мәлімдемесінде ереуілшілердің қойып отырған талаптарына сәйкес, шиеленіскен жағдайды шешуге септігін тигізіп, ӨМГ-дегі өндірістің ырғағын қалпына келтіруге мүмкіндік береді деген сеніммен осындай қадамға барғанын атап өтті".

"Б.Бисекен ӨМГ-де қызмет істеген уақытта, 2009 жылдың желтоқсанынан бері, филиалда мұнай өндіру көлемі көрсеткіштерінің өсуі байқалды, байқау негізінде жұмысқа қабылдау жүйесі сәтті өтті, сондай-ақ ӨМГ жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағдарламасын жүзеге асыру жалғасты, соның аясында кәсіпшіліктерде асханалар, медициналық бөлімшелер, шаруашылық-тұрмыстық кешендер және басқа нысандарға жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚМГ БӨ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Мирошников ӨМГ директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды",- деп хабарлайды компаниядағылар.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Өзенмұнайгаз" ӨФ-де мұнай өндіру жалғасуда. ӨМГ өндірістік нысандарының үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету үшін инженерлік-техникалық қызметкерлер, кезекші операторлар мен диспетчерлер тәуліктік ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Ирбір жарты сағат сайын мұнайгаз нысандарын аралау жүргізілуде. Мұнай дайындау және айдау цехы қалыпты технологиялық режимде жұмыс істеп тұр.

"Бұл ретте 3-наурыздан бері жұмыс істеп тұрған өндіруші ұңғымалар саны 3046 бірліктен 334 бірлікке азайып, 2712 ұңғыманы құрады. Ал бекітілген технологиялық режимнен төмен өнім беріп тұрған ұңғымалар саны 306 бірлікке артып, 777-ке жетті. Жұмыс істеп тұрған тоғытылған ұңғымалар саны 844-тен 814-ге дейін азайды",- делінген хабарламада.

"Ұңғымалар қорына қызмет көрсету режимінің бұзылуы, мұнай кәсіпшілігі қондырғыларына дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеудің салдарынан 17-наурыз күнгі жағдай бойынша жиынтық мұнай өндіруді жоғалту алдын-ала бағалаулар бойынша 10 300 тоннаны құрады. Компанияның жылдық мұнай өндіру көрсеткішіне әсер ету дәрежесі филиалдың тұрақты өндірістік қызметінің қаншалықты жедел қайта қалпына келтірілуіне байланысты.

Үстіміздегі жылдың 4-16 наурызы аралығында күн сайын 1,5 мыңнан 3,8 мыңға дейін негізінен ұңғымалар қорына қызмет көрсету және көліктік қамтамасыз етуге тартылған филиал жұмыскерлері ауысымға шықпады",- деп хабарлайды жұршылықпен байланыс бөлімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны