Панажайдың негізін қалаушы қайтыс болғаннан кейін 90-ға жуық ит далада қараусыз қалды
Сурет: Арсен Қабденовтың бейнежазбасы
Алматы облысында Dog House "Твардовский дом" панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляковтың кенеттен қайтыс болуына байланысты 90-ға жуық ит иесіз қалды, деп жазады ерікті Арсен Қабденов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жануарлар даладағы қоршалған аумақта орналасқан. Онда берік қоршау да, жануарларды асырауға қажетті жағдай да жоқ.
"Бірнеше күн бұрын мен "Твардовский дом" панажайына жем апардым. Сол жерде панажайдың негізін қалаушы Владимирмен таныстым. Біз ұзақ әңгімелестік, ол маған бұл жердің тарихын айтып берді. Панажай 2015 жылы құрылып, марқұм ұлының құрметіне аталған екен", - дейді Арсен Қабденов.
Панажай құрылғаннен бері бірнеше рет көшуге мәжбүр болып, көптеген қиындықтарға тап болған және әр жолы бәрін қайта бастауға тура келген. Қазір иттер тиісті қоршаусыз және қажетті жағдай жок, далада қалды.
"Мен көмектескім келді. Бірақ, қазір далада үлкен қоршау мен иттерге арналған орындар салуға қаржы жағынан шамамыз жетпейді", - деп бөлісті блогер.
Владимир Тепляков он жылдан астам уақыт бойы жануарларды өз бетінше күтіп-баққан. Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын еріктілер онымен далада қымбат қоршаулар салудың орнына иттерге жаңа иелер табу идеясын талқылаған. Панажай басшысы бұл жоспарды қолдағанымен, оны жүзеге асыруға үлгермеді.
Қазір белсенділер жанашыр азаматтардан қысқы аяз басталғанға дейін иттерді өз қамқорлығына алуды сұрап отыр.
Бұл бастамаға басқа еріктілер де қосылды. Олар да әлеуметтік желідегі парақшаларында осы қайғылы оқиға туралы айтып, жұртшылықты бейжай қалмауға шақыруда. Атап айтқанда, панажайға қаржылай көмек көрсетуге, иттерді үйлеріне алуға және ақпаратты таратуға үндеп жатыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
