15.04.2021, 20:35 18966

Пандемия кезінде Қазақстандағы еңбек нарығы тұрақтылықты сақтап қалды

Ержан Біржанов Қазақстанда халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтып берді.
НҰР-СҰЛТАН. 15 СӘУІР - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы мен жұмыспен қамтудың Жол картасын 2020 жылы іске асырудың қорытындысын шығарды, сондай-ақ 2021 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр COVID-19 пандемиясынан туындаған әлемдік әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда Еңбек нарығының негізгі индикаторлары тұрақтылықты көрсеткенін хабарлады.
 
Атап айтқанда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күшінің саны 9,2 млн құрады. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар саны 6,7 млн адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны - 2 млн. 
 
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздар саны 449 мың адамды немесе 4,9% құрады. 
 

2018 жылмен салыстырғанда жұмыс күші 43 мың адамға көбейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 37 мыңға азайды. Министрлік тұрақты түрде мониторинг, сараптамалық талдаулар жүргізеді. 2019 жылдың 4-тоқсанында уақытша жұмыс істемейтіндер саны 99 мың болса, былтыр нағыз қиын кезең - 2-ші тоқсанда уақытша жұмыс істемейтіндер саны 536 мыңды құрады немесе 4,5 есеге ұлғайды. Тиісті шаралар қабылдаудың арқасында жыл соңында бұл көрсеткіш төмендеді немесе уақытша жұмыс істемейтіндер саны 147 мыңды құрады. Яғни, қолданылған шаралар өз тиімділігін және экономиканың тұрақтылығын көрсетті", - деді вице-министр. 

 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 5 бағыт бойынша "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында 649 мың адамға көмек көрсетілді. Еңбек дағдыларын дамыту шеңберінде 18 мыңнан астам адам қысқаша курстан өтсе, тағы 18 мың адам техникалық кәсіптік білім алды. 
 

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы шеңберінде "Бастау бизнес" жобасы іске асырылды. Оның барасында кәсіпкерлік жайлы көп мағлұмат беріліп, менеджмент, маркетинг сабақтары өткізілді, 45 мың адамға қайтарымсыз грант берілді. Микронесиелер саны 13 мыңды құрады, қосымша 14 мың жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, осал топтағы адамдарға арналған жұмыс орындарын субсидиялау бағыты бойынша 150 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Жастар арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында "Жастар практикасы" енгізілді. Былтыр 34 мың адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орнына 19 мың адам орналасты", - деді ведомство өкілі.

 
 "Еңбек" бағдарламасының 4-бағыты Еңбек ресурстарының ұтымдылығын арттыру бойынша оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек ресурстарын тарту қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1600 отбасы немесе 5800 адам солтүстікке қоныс аударды. Оның ішінде 3 мың адам еңбекке жарамды болып табылады. Бағдарламаның соңғы бағыты - тұрақты жұмыспен қамту шаралары. Ол бойынша 319 мың адам жұмысқа орналастырылды.
 
Ержан Біржанов сондай-ақ, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру маңызды бағыт болып табылатынын атап өтті.
 
2021 жыл бойынша 700 мың адамға көмек көрсету көзделген. Оның ішінде 32 мың адам Жол картасы арқылы жұмысқа орналастырылады. Жалпы, басқа ведомстволардың, өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында 440 мың адам жұмыспен қамтылатын болады, деді Ержан Біржанов. 
 
Оның айтуынша, қазіргі кезде өңірлермен қарқынды жұмыс жүргізілуде.
 

Президенттің тапсырмасымен Жол картасы 2021 жылға тағы да ұзартылды, бірақ сын көп айтылды. Сондықтан Еңбек картасы бойынша жаңа тәсілдер қабылданды, инфрақұрылымдық жобалар саны азайды, бірақ жаңа бақылау түрлері енгзілді. Енді жобаларды бәріміз бақылаймыз. Мемлекет жұмсаған әрбір тиын тиімді, қайтарымды болуы керек. Көздеген қаражат орнына барып, соның қайтарымды болуын қадағалаймыз", - деді спикер. 

 
Ведомствоның хабарлауынша, жаңа жұмыс орындарының атласы әзірленіп, жаңа бағыттар анықталады. Бұл ретте цифрлық жұмыс орындарын құруға баса назар аударылуда. 
 

Қазір еңбек нарығының құрылымы қатты өзгеріп жатыр. Кейбір мамандықтар мүлдем жойылып, жаңалары пайда болуда. Қызмет түрлерінің көбі онлайнға ауысып жатыр. Сондықтан біз де сол өзгерістерден тыс қалмай жаңа бағдарламаларды тұжырымдамаларды қолданамыз. Жаңа оқу түрлерін енгіземіз, жұмысқа орналасатын адамдардың білім деңгейін арттырамыз. Ол арқылы адамдарды кәсіпкерлікке, жаңа жұмысқа орналасуға ынталандырамыз. Барлық өңірлерге декомпозиция жасалған, әр өңірде қанша жұмыс орны ашылды, қай салада, қай мекемеде, осының барлығы жоспарланады", - деді Е.Біржанов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны