25.01.2007, 17:58 3088

Павлодар облысында аудандық соттардың екі төрағасы маскүнемдіктері үшін қызметтерінен босатылды

ПАВЛОДАР. 25-қаңтар. Kazakhstan Today. Павлодар облысында аудандық соттардың екі төрағасы маскүнемдіктері үшін қызметтерінен босатылды. Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің Павлодарға барған қызмет бабындағы сапарының алғашқы қорытындысы осындай, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Лебяжі және Май аудандық соттарының басшылары Ербол Росельбаев пен Сағындық Баженовтың жұмыстарын республиканың бас судьясы қатаң сынға алды. "Қазақстанның сот жүйесі ең алдымен соттардың өз міндеттерін немқұрайлылықпен қарауынан жапа шегуде",- деді К. Мами.

Агенттік тілшісіне Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, аудандық сот төрағаларының жұмыстан босатылуына олардың жұмыс орнында ішімдік ішуі басты себеп болып отыр.

К. Мәми журналистермен кездесуінде мұндай қылықтарға жол берілмейтіндігін хабарлады. "Бұл мүлдем сорақылық және де осы тектес әрекеттер үшін ең қатаң жаза жүктеледі",- деді Жоғарғы соттың төрағасы.

Бүгін Е. Росельбаев пен С. Баженовтан басқа Павлодар облысының Май аудандық сотының судьясы Айдар Ысмағұлов та қызметінен босатылды. Оның жұмыстан босатылу себебі - өз міндеттеріне немқұрайды қарау болып табылады. Павлодар қалалық сотының судьясы Иділет Бақтияровқа қатысты іс облыс әкімінің қатысуымен өтетін тәртіптік кеңесте қаралатын болады.

"Сот этикасы жөніндегі комиссияға соттардың азаматтарды сарсаңға салуы, қандай да бір шешім қабылдаудағы сыңаржақтығы, көптеген заң бұзушылықтар мен дөрекіліктерге жол беру сияқты заңға қайшы әрекеттеріне қатысты азаматтардың шағымдары үнемі түсіп жатады",- деп мәлімдеді К.Мәми. "Жұмысқа деген осындай қарым-қатынасқа қарап, судьялардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты шулы қылмыстарға қатысы бар болып шығуына тіпті де таңдануға болмайтындай", деді Қ.Мәми.

Жоғарғы сот Павлодар облыстық сотының ішкі қауіпсіздік қызметінен осындай жағдайлардың қайталануының алдын алуды және мамандарды іріктеуге жауапкершілікпен қарауды талап етті.

Жоғарғы соттың төрағасы мамандарды іріктеуде жас, білімді және де жан-жақты білікті мамандарды таңдауды ұсынды. "Қазақстанның сот жүйесі әділетті, сауатты әрі тәртіпті соттарға зәру",- деп атап көрсетті К. Мәми.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны