08.02.2007, 18:33 3170

Павлодар облысында жалпы республикалық көрсеткіштің 35 пайызы көлемінде мүлік заңдастырылды

ПАВЛОДАР. 8-ақпан. Kazakhstan Today. Павлодар облысында жалпы республикалық көрсеткіштің 35 пайызы көлемінде мүлік заңдастырылды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне облыстық қаржы департаментінің мемлекеттік тұрғын үй қорымен жұмыс істеу жөніндегі бөлімнің бастығы Дәметкен Бипао хабарлады.

"Бүгінгі күні, аймақта 22 мыңнан астам нысан тіркелді, ол жалпы республикалық көрсеткіштің 35 пайызын құрап отыр", -деді Д. Бипао. Ол сондай-ақ, аймақтағы мүлікті заңдастыру көрсеткіші еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш екендігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда "көлеңкеден" 60 440 нысан шығарылған.

Департаменттің ақпараттарына сүйенсек, қазіргі уақытта Павлодар облысының тұрғындарынан 50 мыңнан астам өтініш түскен. Соның ішінде 42 мыңдай жеке және заңды тұлғалардың өтініші оң шешімін тапқан, ал 2 мыңдай өтініш әртүрлі себептерге байланысты қанағаттандырылмаған. Мамандар заңдастыру науқанына байланысты азаматтардың өтініштері аталмыш іс-шараның соңына қарай ағылады деп санайды. "Біздің азаматтарымыздың менталитетінің ерекшелігі осындай, біз тек соңғы сәтте ғана "қармап" қалғымыз келеді",- деді Д. Биапо.

Ол, сондай-ақ, заңдастыру шарасына ауыл тұрғындарының белсенділігі басым екендігін атап өтті. "Ауылда үй-үйді аралау - жұмыстың ең тиімді үлгісі, бірақ қаладағы мыңдаған пәтерді аралау мүмкін емес",- деді Д. Бипао. "Облыс орталықтарының тұрғындары мүлікті заңдастыруда айтарлықтай белсенділік танытпай отыр",- дейді мамандар.

Қазір павлодарлықтарға гараждың құжатын алу үшін 4 мыңдай теңге, ал аталмыш учаскеге мемлекеттік акт алу үшін 750 теңге қажет. "Жұмсалынатын қаражаттың арзандатылуы "Мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық туралы" заңға қайшы емес. Заңдастырылған үйлерді есепке ала отырып, біз тек салық салу базасын кеңейтеміз",- деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Алмаз Олжағұлов.

Қазіргі уақытта, мүлікті заңдастырудағы 100 пайыздық көрсеткішке Павлодар облысының Қашыр ауданында қол жеткізілді. Аймақтың тағы тоғыз ауданында заңдастыру шаралары жуық арада аяқталады деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны