25.02.2010, 14:35 3462

Павлодарда Екібастұз қаласының бұрынғы әкімін өлтіруге қатысты сот мәжілістері қайта жанданды

Павлодарда Екібастұз қаласының бұрынғы әкімін өлтіруге қатысты сот мәжілістері қайта жанданды

Павлодар. 25 ақпан. Kazakhstan Today - Павлодарда Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Рамазан Жұматаевты өлтіру қылмысына қатысты сот мәжілістері қайта жанданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыстық қоғамдық-саяси "Наша жизнь" апталығына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Рамазан Жұматаевты өлтіру қылмысына қатысы бар деген айып тағылған және өткен жылдың тамыз айының аяғында алқа билер соты ақтап шығарған төрт азамат осы сәрсенбіде жәбірленуші жақтың өтініші бойынша қайтадан қамауға алынды.

Тергеу жорамалы бойынша, кісі өлтіруге тапсырыс беруші - кәсіпкер Бауыржан Мұқантаев. Оған себеп болған - "құрылыс саласындағы коммерциялық қызметке байланысты марқұм болған азаматпен арадағы жеккөрінішті қарым-қатынас, сондай-ақ, жылжымайтын мүлік нарығындағы мемлекеттік сатып алуларға атсалысу, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоймада сақтау қызметін көрсету бойынша облыста ықпал бөлінісі" секілді жайттар.

Газет еске салып өткендей, айыпталушылар алқа билер үкімді жария ете сала сот залында босатылған. Алайда, ағымдағы жылдың қаңтар айында Жоғарғы сот ақтау үкімін алып, сот талқысы барысында процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтаған.

"Айыпталушылардың өтініші бойынша істі тағы да алқа билер қарайды", - делінген мақалада.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 58 жастағы Р. Жұматаевқа 2008 жылдың 21 мамыры күні 12 сағат 55 минутта Павлодар қаласының орталығындағы "Асыл" азық-түлік базарының алдында қастандық жасалған. Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі өзінің "Тойота Ланд Крузер" көлігінде автомат қарудан атылған оқтан қаза тапқан. Оқиға орнында шұғыл қызметкерлер 7 гильза тапты. Оның төртеуі көліктің тап қасында болса, қалған үшеуі көлік тұрағының маңында табылған. Қаза тапқан жігіттің әйелі мен ересек екі ұлы болған.

Істі тексеру барысында полиция бұрынғы әкімді өлтіруге қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның үш азаматын ұстады, олардың арасында Павлодар облысына танымал кәсіпкер Б. Мұқантаев бар. Сондай-ақ, 1983 және 1977 жылы туған Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғынына мемлекетаралық іздеу жарияланды. Кейін, 2008 жылдың 22 қазанында Новосибирск қаласында 31 жастағы Қазақстан тұрғыны Ернар Бижуменов ұсталды, ол бұрынғы әкімді өлтіру тапсырысын орындаушы ретінде күдікті болды.

Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Рамазан Жұматаевты тапсырыспен өлтіру жөніндегі 30 томды құраған іс сотқа 2009 жылдың 1 шілдесінде түсті. Айыпталушылар - Б. Мұқантаев, С. Мухантаев, А. Исин мен Е. Бижуменов - сот талқысы алқа билердің қатысуымен өтуі жөнінде өтініш берді.

Қаза тапқан Р. Жұматаев 1993 - 1995 жылдар аралығында Екібастұз қаласының әкімі болған. Соңғы жылдары ол кәсіпкерлікпен белсенді түрде айналысып, сауда және құрылыс салаларына маманданған бірнеше ірі компанияның иесі және құрылтайшысы болған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны