21.09.2006, 17:25 3633

Павлодарда Халықаралық бейбітшілік күнін атап өтуде

ПАВЛОДАР. 21-қыркүйек. Kazakhstan Today. Павлодарда бүгін атап өтілетін Халықаралық бейбітшілік күніне орай жалпыхалықтық шаралар өткізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Облыстағы барлық 250 мектепте бейбітшілік, достық пен келісім сабақтары өтті. Оқушылар алдында қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, дін өкілдері, фашистік лагерьлердің бұрынғы тұтқындары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, интернационалист жауынгерлер сөз сөйледі.

Халықаралық бейбітшілік қорының вице-президенті Владимир Егоровтың Kazakhstan Today тілшісіне хабарлағанындай, сөз сөйлегендер балаларға түрлі әскери қақтығыстар мен соғыстардың қауіп-қатерін түсіндірді. "Бұл сабақтардың басты мақсаты - балаларды мектеп қабырғасынан бастап бейбітшілік, достық пен келісімді бекіте түсуге баулу",- деді В.Егоров.

"БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда дүниежүзінде 12-ден астам "шиеленісті нүктелер" бар. Ол жерлерде қантөгістер тыйылмай, жазықсыз жандар өлім құшуда",- деді қордың вице-президенті. "Жер бетінде әрбір секунд сайын кедейліктен, түрлі індеттер мен ұрыс қимылдарынан бір бала қайтыс болса, әрбір үш күн сайын жаңа "Хиросима" пайда болып, түрлі соғыслар мен лаңкестік әрекеттерден 140 мың адамның өмірі қиылуда",- деді ол.

Халықаралық бейбітшілік қорының ақпаратына сәйкес, қазір Жер бетінде 4 млн. атом бомбасы мен аса қауіпті жарылғыш зат - үшнитротолуолдың 60 млрд. тоннасы жинақталған. Бұл заттың осы көлемі жерді 20 мәрте біржола жойып жібере алады.

"Жерде 900 млн. адам сауатсыз, 1 млрд. адам аштықтан тауқымет тартса, жыл сайын 30 млн. адам, соның ішінде 10 млн. бала аштық пен түрлі аурулардан көз жұмады",- деді В.Егоров.

Халықаралық бейбітшілік қорының бастамасымен бүгін кешке Павлодарда 2 мыңдай адамның қатысуымен соғыстарға қарсылық білдіруге арналған митинг өтеді. В.Егоровтың айтуынша, оған қатысушылар БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанның атына арнап бітімгершілік миссиясын күшейту, қарудың соңынан түсуді тоқтатуға қолдан келген бар шараны қолдану жөнінде мәлімдеме жолдайды.

"Халықаралық бейбітшілік қоры" атты қоғамдық ұйым 1961-жылы құрылған. Ол әскери қақтығыстардың құрбандарына, жетімдерге, науқастар мен жалғыз қалған балаларға көмек көрсетумен айналысады. Қордың бас пәтері Павлодарда орналасқан. "Қор ЮНИСЕФ, БҰҰ және басқа да ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. 2005-жылдан бері Халықаралық бейбітшілік қорының филиалы АҚШ-тың Сиэтл қаласында ашылған",- деді В.Егоров.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны