24.09.2007, 15:27 2984

Павлодарда Қазақстан электролиз зауытының құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты

Павлодарда Қазақстан электролиз зауытының құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты.

Павлодар. 24 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Павлодарда "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі аймақтық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне сілтеме жасай отырып.

Департаменттегілердің айтуынша, қайғылы оқиға жексенбіде, 23-қыркүйекте жұмыс тобы - Қытайдың екі азаматы мен Павлодардың тұрғыны кранды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда болған. "Қазақстандық жұмысшы кранды төменге түсіре бастағандығын қытайлық байқамаған. Соның салдарынан жұмысшы ауыр салмақты машинаның астында жаншылып қалған",- деп хабарлады Павлодар облысының мемлекеттік бас еңбек инспекторы Құсайын Исенов.

Құсайын Исеновтың айтуынша, "оқиға болған жерге келген дәрігерлер медициналық көмек көрсетпек болған, бірақ автоматтандырылған алюминий алу процессінің операторы 38 жастағы Марс Хамидуллин алған жарақаттары салдарынан қайтыс болды".

"Аталмыш оқиғаның мән-жайын білу үшін арнайы комиссия құрылды, оған төтенше оқиғалар департаментінің өкілдері кірді",- деп хабарлады Құсайын Исенов.

Сонымен қатар, еңбек департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, бұл жыл басынан бері электролиз зауытында жұмыс істейтін екінші адамның өлімі. 15-маусымда кәсіпорында қытай тілінің аудармашысы болып қызмет атқаратын Қытай Халық Республикасының 29-жастағы азаматы Ван Юн Вей қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған болатын.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың мамырында Қазақстан электролиз зауытында салынып жатқан нысандардың бірінен құлаған басқа бір шетелдік азамат қатты жарақаттар алған болатын. Қытай Халық Республикасының Канджау қаласының тұрғыны 44 жастағы Лин Каншин миы шайқалып, омыртқасы сынды деген диагнозбен ауруханаға жеткізілген болатын.

Аймақтық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері аймақтағы кәсіпорындарда барлығы 11 жұмысшының қайтыс болғандығы тіркелген.

"Өндірістердегі қайғылы оқиғалардың көбісі тау-кен саласының үлесінде",- деп атап өтті департаменттегілер. Олар сондай-ақ үстіміздегі 9 айда 29 адам жарақаттанып, соның салдарынан 2 адамның көз жұмғандығын айтып өтті. "Қайғылы оқиғалардың басым себебі - жұмысты қанағаттанарлық дәрежеде ұйымдастырмау және еңбек қауіпсіздігінің нормаларын сақтамау болып табылады",- деп атап өтті Қ. Исенов.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері аймақтық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің инспекторлары құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 155-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін 63 материал жіберген. Сонымен қатар, еңбекті ұйымдастыру ережесін бұзғаны үшін жұмыс берушілерге жалпы сомасы 2 млн 76 мың теңгені құрайтын 155 әкімшілік жаза қолданылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны