02.09.2007, 16:45 3181

Павлодарда мемлекеттік тілде білім беретін 1078 орынды жаңа мектеп ашылды

Жаңа оқу жылына орай Павлодардың "Усольский" ықшамауданында мемлекеттік тілде білім беретін 1078 орынды жаңа мектеп ашылды.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 2 қыркүйек. ПАВЛОДАР. Жаңа оқу жылына орай Павлодардың "Усольский" ықшамауданында мемлекеттік тілде білім беретін 1078 орынды жаңа мектеп ашылды. Бұл туралы "ҚАЗАҚСТАН БҮГІН" агенттігінің тілшісіне Павлодар облыстық білім департаментінен хабарлады.

Департамент бастығы Бахриден Кәрімжановтың ақпараттарына сүйенсек, № 25 мектепті салуға республикалық бюджеттен 1 млрд, 800 млн теңгеден астам, облыс бюджетінен 210 млн теңге қаржы бөлінген. Оның айтуынша, бұл Павлодарда соңғы 15 жылда салынған бірінші мектеп, бұрындары жергілікті билік тек білім беру саласындағы нысандарды қайта қалпына келтіріп қана отырған.

Биылғы оқу жылында № 25 жаңа мектепте 700-ден астам павлодарлық оқиды, бірақ білім департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, жобалық қуаттылығы 1078 орын. "Ыңғайлы бөлмелер, кең дәліздер, екі бассейн және екі спорт зал, 4 жаңа компьютер класы бар, техникалық жағынан мектепті ХХІ ғасыр мектебі деп атауға болады",- деп атап өтті Б. Кәрімжанов.

Мектептің ашылуына қатысқан Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісов өз кезегінде, "жаңа мектеп облыстағы білім беру саласының жетекші ошағына айналып, білім мекемелерін қамсыздандыру стандартын жаңа мәртебеге көтереді" деді.

Сонымен қатар, білім департаментінің ақпараттарына сүйенсек, қазанда, сондай-ақ "Усольский" ықшамауданында мемлекеттік тілде оқытатын тағы бір жаңа балабақша пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, департаменттегілер, 2007 жылдың мамырында Успенка ауданы орталығында мемлекеттік тілде білім беретін жаңа 2 қабатты 198 орынды мектептің пайдалануға берілгендігін еске сала кетті. Сонымен қатар, Екібастұз ауданының Шідерті аулында 600 орынды мектеп пен Ақтоғай аудан орталығында 520 орынды мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып қалды.

2007 жылдың аяғына дейін аймақта Ақсу қаласында 1200 орынды мектеп пен Май ауданының Көктөбе аулында 350 орынды мектеп салына бастайды. Қашыр ауданының орталығында мемлекеттік тілде білім беретін 420 орынды мектеп салу жоспарлануда. Департамент мамандарының болжауы бойынша, оқу орны 2008 жылы пайдалануға беріледі.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны