24.01.2007, 17:47 3166

Павлодардың қалалық мәслихаты ойын бизнесі нысандарына салынатын салықтың ең жоғарғы мөлшерін белгіледі

ПАВЛОДАР. 24-қаңтар. Kazakhstan Today. Павлодарда қалалық мәслихат депутаттары ойын бизнесі нысандарына қойылған жалпы салық мөлшерінің ең жоғарғы көлемін белгіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз бұл қадамға Павлодар тұрғындарын құмар ойындардан қорғау үшін саналы түрде бардық",- деп түсіндірді қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Тупицын.

Ол, ойын үстелдері мен автоматтарынан бастап бильярд пен боулинг-жолақтарына дейін алынатын жалпы салық мөлшерінің ең төмен және ең жоғарғы көлемі Қазақстан Республикасы үкіметінің 2006 жылдың 23-қазанындағы қаулысымен қабылданғандығын еске сала кетті. Қаулы 2007 жылдың 1-қаңтарында заңды күшіне енді. Республикамыздың үкіметі қаулыда белгіленген салық мөлшері аясында салық көлемін жергілікті өкілетті органдарының депутаттарының белгілеуіне қалдырған болатын.

"Біз азаматтарымыздың құмар ойындарына тәуелді болу проблемасына соңғы нүкте қоюға шешім қабылдадық",- деді С. Тупицын.

Бірақ Павлодар қаласының салық комитетінің өкілдері басқаша пікірде. "Бұл мәселені тек мемлекет басшысының Қапшағай мен Шучинскіде ерекше ойын зонасын құру туралы жарлығын іске асыру арқылы ғана шешуге болады",- деді Павлодар қаласының салық комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Дүйсенбинов.

Ойын бизнесі нысандарына қойылған жалпы салық мөлшері бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда кейбір пунктер бойынша 10 есеге дейін өскен. Атап айтсақ, ойынханадағы бір ойын үстелі үшін оның иесі айына 450 мың теңге шамасында төлесе, бір боулинг-жолағы үшін төленетін салық мөлшері 86 мың теңгені құрап отыр, ал бір бильярд үстелі үшін айына 26 мың теңге төленбек. "Салық мөлшерінің өсуіне қарамастан, тұтынушыларға арналған баға аз өседі. Мұндай ғимараттардағы негізгі кіріс сусын сатудан, соның ішінде ішімдік сусындарын сатудан түсетіндігі құпия емес",- деді Н. Дүйсенбинов.

Мамандардың алдын-ала есептеуі бойынша, ойын бизнесі нысандарына салынатын салық мөлшерінің өсуіне байланысты Павлодар бюджетінің кіріс бөлігі 215 млн теңгеге өседі. "Біз 1-сәуірден кейін ахуалдың мүлдем өзгеретінін білеміз, бірақ 215 млн теңгенің төрттен бірін қамтамасыз ету - қолдан келетін іс", - деді салық комитетінің төрағасының міндетін атқарушы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны