10.07.2012, 15:08 19935

Президент Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізуді жүктеді

Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы жөніндегі 13-ші тапсырмасында айтылған.

Алматы. 10-шілде. Kazakhstan Today - Президент Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізуді жүктеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы жөніндегі 13-ші тапсырмасында айтылған.

"Бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды. Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейкесті күйінде қалуда. Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет. Алайда, менің интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі алға қойған міндетім, өкінішке орай, тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда. Интерактивті тақталарды пайдаланумен интерактивті білім беруге қол жеткізе салмаймыз. Бүгінгі таңдағы онлайн-білім беру ұстаз бен шәкірттердің тікелей Интернет-араласуы режімінде де, арнайы жасалынған интерактивті оқу бағдарламалары мен ойындар түрінде де өтетін факультативтік интерактивті курстарды ұйымдастыруды қамтуға тиіс. "Онлайн-ұрпақтың" Интернетке табиғи ұмтылысын біз, интерактивті олимпиадалар, оқу турнирлерін тағы басқаларды ұйымдастырып, пайдалануға және жағымды арнаға бағыттауға тиіспіз. "Болашақ" бағдарламасына елдің барлық өңірлерінен, әсіресе, ауылдық жерлерден талантты жастардың қолы жетуін кеңейту маңызды мәселе болып табылады", - дейді Мемлекет басшысы

"ҚР Білім және ғылым министрлігі: - 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді көздесін;

- Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізсін, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын;

- орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында "Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері", "Қазақстан құқығы", "Өлкетану" сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын",-делінген Президенттің 13-ші тапсырмасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны