18.05.2007, 13:56 2580

Рахат Илиев Алматы әкімі мен Ішкі істер министрін сыбайлас жемқорлық пен криминалмен байланысқа айыптады

Рахат Илиев Алматы әкімі мен Ішкі істер министрін сыбайлас жемқорлық пен криминалмен байланысқа айыптады

АЛМАТЫ. 18-мамыр. Kazakhstan Today. Рахат Илиев Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты сыбайлас жемқорлық пен криминалмен байланысқа айыптады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Олардың екеуі де (Тасмағамбетов пен Мұхамеджанов - Kazakhstan Today ескерт.) Алматыда кейбір қатысушылары сотталып жатқан криминалдық алаяқтармен жақын байланыста. Олар тек туыс қана емес, сонымен бірге қызметтес те. Олай дейтініміз, банк акционерлерінен ұрланған ақша жалған компаниялар арқылы "Алматыжердің" қаржылық қитұрқылықтары мен жерге қатысты алыпсатарлық мақсаттарға жұмсалды",- деп мәлімдеді Р.Илиев "Караван" апталығында.

Оның айтуынша, "ішкі істер министрі осы саладағы сауда-саттықпен белсене шұғылданады". "Мүмкін бұл ол басқаратын министрліктің, оған сеніп тапсырылған құқық қорғау жүйесінің тұла бойын жаппай сыбайлас жемқорлықтың метастаздары жайлап алуының себебі шығар",- деген болжам жасайды Р.Илиев. "Тасмағамбетов туралы айтпай-ақ қойсақ та болады - оның іс-қызметінің жемісін алматылықтар күнделікті көріп отыр",- деді ол.

Р.Илиевтің айтуынша, кейінгі күндері аталған екі шенеунік оған, оның отбасы мүшелері мен әріптестеріне қуатты қысым көрсетуде, өйткені, олар әшкереленуден қорқады. "Ирине, олар үшін мен өте қауіптімін. Олар осы қатерді жалған жала, бопса және арандатушылық секілді тексерілген тәсілдермен жойғысы келеді",- деп мәлімдеді ол.

Р.Илиевтің айтуынша, "аталған екеудің қалайша байып шыға келгенін" ол жақсы біледі. "Олардың сауық-сапарларының қаржысын кім шығаратынын мен білемін. Міндетті медициналық сақтандыру қорының бас директоры Иманбаевтың халықтың ақшасын алып, дәл осы Тасмағамбетов қордың бақылаушылары кеңесінің төрағасы болып тұрған тұста қалай АҚШ асқаны менің есімде",- деп мәлімдеді Р.Илиев. "Иділет министрінің орынтағында отырып, Мұхамеджановтың қалай заң бұзғанынан да мен хабардармын",- деді ол.

Р.Илиев екі шенеунік тарапынан жасалып отырған жалған әрі орынсыз шабуылдарды жоққа шығаруға ниетінің жоқ екенін айтты. "Осынау ақымақтықтардың бәрін жоққа шығару менің қадір-қасиетіме сын. Тасмағамбетов пен Мұхамеджановтың қазіргі белсенділінің жалғыз нәтижесі белгілі - оларға күні бүгінге дейін істегендері үшін ғана емес, сонымен бірге менің отбасыма қарсы жарияланған жалған жала жабу науқаны үшін сотта жауап беруге тура келмек",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны