31.01.2011, 16:26 7971

Референдумға қатысты шешуші сөз елбасының еншісінде

Қазіргі президенттің өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдумға қатысты шешуші сөз елбасы Н. Назарбаевтің еншісінде. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 31 - қаңтар. Kazakhstan Today - Қазіргі президенттің өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдумға қатысты шешуші сөз елбасы Н. Назарбаевтің еншісінде. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылдың 17-қаңтарында Конституциялық кеңес парламенттің 2011 жылдың 14 қаңтарында қабылдаған "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның Қазақстанның Конституциясына қайшы келмейтіндігін тексеру туралы ҚР президенті Н. Назарбаевтің ұсынысын өндіріске алған болатын.

"КК бұл заңды Конституцияға қайшы деп тапты. Бұл аталмыш заңға қол қойылып, күшіне ене алмайды деген сөз. Сондай-ақ, ҚР президенті Конституцияға сәйкес, бір ай ішінде КК қаулысына қарсылық білдіре алатындығын да ескеру қажет",- деді И. Рогов.

"Осылайша, референдумның тағдыры туралы соңғы сөзді тек президент қана айта алады",- деп нақтылады кеңес төрағасы.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, "Заңның конституциялығын тексеру барысында мына мәселелерге назар аударылды. Біріншіден, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, оның бірлігін, Конституциясының қорғалуын, азаматтардың бостандығы мен құқығын қамтамасыз етуші Н. Назарбаевтың тарихи рөлі мен миссиясы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының ерекше мәртебесін конституциялық құқықтық бекітуге себепші болды. Осыған орай, Парламенттің 2007 жылғы 25 мамырда қабылдаған "Конституцияға енгізілген өзгерістері мен толықтырулары" туралы конституциялық заңында "ҚР Тұңғыш Президенті" деген ұғым енгізілді. Заңға сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен анықталады. Соған сәйкес, ел Конституциясымен анықталғандай, заңда ұсынылған "Елбасы" ұғымы Тұңғыш Президенттің конституциялық заңына және Негізгі заңның ережелеріне сәйкес деп танылады", - деді Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов.ъ

Екіншіден, ҚР Конституциясына сәйкес, 1 бап, 2 тармағы бойынша республикалық референдум мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін шешудегі ең демократиялық тәсіл деп белгіленген. Сонымен бірге, Конституцияның 2 бап 3 тармағы бойынша референдум сайлаумен бірге халықтың өзінің билігін тікелей білдіруі деп танылады. Конституцияның 3 бап 1 тармағындағы ережесіне сәйкес, мемлекеттік биліктің жалғыз көзі халық. "Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес республикалық референдумда дауыс беру арқылы мемлекеттің өмірі үшін аса маңызды болып табылатын кез-келген мәселені шешуге болады деп санайды. Оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының президенттік өкілеттігін ұзартуды да референдум арқылы шешуге болады. Қарастырып отырған заңға сәйкес, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының өкілеттік мерзімі республикалық референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырады. Осы заңның аталған нормасын қарастыра келе, Конституциялық Кеңес заңның 1 тармағын анық емес деп айқындады. Бұндай ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының өкілеттігі қанша мерзімге ұзартылатыны анықталмаған. Бұндай шешімнің бір реткі немесе тағы да қайталатын сипатта болу мүмкіндігі байқалмайды. Конституциялық норманың анық жазылмауы Конституцияда көзделген мемлекеттік және қоғамдық институттардың теңсіздігіне әкеп соғуы мүмкін", - деді И. Рогов. Төрағаның айтуынша, ел Президентінің Парламент қабылдаған заңның конституциялығына күмән келтіргені әбден негізді болып шықты. "Сонымен қатар, Конституцияға сәйкес, ҚР Президенті Конституциялық Кеңестің осы шешіміне бір ай ішінде қарсылық білдіруге құқылы екендігін ұмытпауымыз керек. Осылайша, референдумның тағдырына қатысты соңғы сөзді Мемлекет басшысы ғана айта алады", - деді И. Рогов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны