20.06.2007, 18:18 2707

Ресей мен Қазақстанның бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құру туралы келісімге шілдеде қол қойылуы мүмкін

АСТАНА. 20 - маусым. Kazakhstan Today. Ресей мен Қазақстанның бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құру туралы келісімге шілдеде қол қойылуы мүмкін,

деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Мен шілденің аяғында Алматыға келем және осы кезде біз Ресей мен Қазақстанның бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құру туралы келісіміне қол қоямыз",- деді Ресей ғылым академиясының академигі Жорес Алферов бүгін Қазақстанның білім жіәне ғылым министрі Жансейіт Түймебаевпен кездесу барысында. "Біз осы уақыт ішінде бірлесе отырып мәселенің қырларын пысықтауымыз керек",- деп қосты ол.

Жорес Алферов ортылық құру туралы мәселенің президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында талқыланғандығын атап өтті. "Біз жоғарғы технологияны бірлесе отырып дамыту мүмкіндігін талқыладық... Осы салада біздің бірлескен жеткілікті мүмкіндіктеріміз бар, одан Қазақстанға да, Ресейге де, жалпы ғылым саласына үлкен пайда келеді деп ойлаймын",- деді ресейлік академик.

"Аталмыш жұмыстың бірінші кезеңі - Қазақстанда және Санкт-Петербургте Ресей мен Қазақстанның бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құруға саяды. Сонымен қатар, біз өзіміздегі мамандар дайындаудағы барлық мүмкіндіктерімізді пайдалануға тиіспіз. Оған біз үлкен белсенділікпен қатысуға дайынбыз",- деп қосты Жорес Алферов.

"Бірқатар салаларда жоғарғы әлеуеттілікті сақтауға мүмкіндік берген халықаралық жобаларға қатысу, халықаралық ғылыми ынтымақтастық Қазақстан үшін де, Ресей үшін де өте маңызды болып табылады. Осыған қатысты біздің ынтымақтастығымыз өте үлкен қызығушылық тудырады",- деп атап өтті РФ ғылым академиясының өкілі.

"Біз Нұрсұлтан Ибішұлымен осы проблемаларды талқылай келе мынадай келісімге келдік: бастысы - белгілі бір ұранды жария теу ғана емес, ең бастысы - қолда бар әлеует пен ғылыми мүмкіндікті тап басып тану және одан әрі дамытудың болашағын нақты анықтау",- деп қорытындылады Жорес Алферов.

Қазақстанның білім министрі Жансейіт Түймебаев өз кезегінде, Қазақстан осы жылы Ресейдің жоғарғы оқу орындарына "Болашақ" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 98 адамды жібергелі отырғандығын хабарлады (қазіргі уақытта, оның мәліметтеріне сүйенсек, аталмыш бағдарлама бойынша Ресейдің жоғарғы оқу орындарында 280 қазақстандық студенттер білім алуда). "Бізде құрылып жатқан Ресей мен Қазақстанның бірлескен ғылыми-білім беру орталығына тоқталатын болсақ, біздің ресейлік жоғарғы оқу орындарының қабырғасында мамандарды дайындау, қайта дайындау және сынақ мерзімін өткізу үшін негіз база болады деп ойлаймын",- деп қосты министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны