05.05.2008, 10:13 1415

Ресейдің ядролық субмариналары дүниежүзілік мұхитта тұрақты түрде жүзе бермейді - Washington ProFile

Ресейдің ядролық субмариналары дүниежүзілік мұхитта тұрақты түрде жүзе бермейді - Washington ProFile

Алматы. 5 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Ресейдің ядролық субмариналары дүниежүзілік мұхитта тұрақты жүзе бермейді. Америка ғалымдарының федерациясы осындай тұжырымға келді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Washington ProFile халықаралық ақпараттық сараптамалық агентікке сілтеме жасай отырып.

Америка ғалымдары кейінгі жылдары Ресей өзінің стратегиялық ядролық субмариналарының әскери кезекшіліктерін жоспарлы түрде қысқартып отыр деген қорытынды жасаған. Ал сол мезгілде осы сыныптағы сүңгуір қайықтарына ие АҚШ, Ұлыбритания мен Франция мемлекеттері мұндай әскери кезекшіліктер санын керісінше арттырған (бұл елдерден басқа мұндай қару Үндістан мен Қытайдың әскери арсеналында бар).

"Өткен жылдың аяғындағы мәлімет бойынша Ресейдің әскери-теңіз флотының құрамында ядролық оқтұмсықтары бар баллистикалық зымырандармен жабдықталған 11 субмарина болған. 2007 жылы олар 3 әскери жорық жасаған. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда екеуі аз. Салыстыратын болсақ, АҚШ-ның осы секілді 14 стратегиялық субмаринасы 2007 жылы 54 әскери жорыққа шыққан. "Қырғи-қабақ соғыс" өршіп тұрған 1984 жылы кеңестік сүңгуір қайықтар 103 жорық жасаса, 2002 жылы Ресейдің ядролық субмариналары бір де бір рет әскери күзетке шықпаған", - деп хабарлайды Washington ProFile.

Зерттеу авторлары Ресейдің стратегиялық субмариналары дүниежүзілік мұхитта үнемі бола бермейді және олар оқу-жаттығу тапсырмаларын шешу үшін теңізге қысқа мерзімге шығумен шектеледі деп көрсетіп отыр.

Зерттеуде бұл әрекеттердің нақты себебі белгісіз екені көрсетілген. Бұл не қаржылық себептерден, не Ресей әскерилерінің қазіргі уақытта АҚШ-ымен ядролық соғыс туындау мүмкіндігі өте төмендігіне деген сенімділіктеріне туындауы мүмкін. Сонымен бірге, Ресейдің ядролық қару алып ұша алатын стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының ұшу саны айтарлықтай өскен.

Қазіргі уақытта Ресейдің баллистикалық зымырандарының 20 пайызы (жалпы көлемі 624 оқтұмсық) ғана теңізде. 2015 жылға қарай олардың мөлшері 30 пайызға дейін өсуі тиіс.

Америка ғалымдарының федерациясы - тәуелсіз зерттеу ұйымы болып табылады. Ол 1940 жылдардың соңында алғашқы атом бомбасының кейбір жасаушылары тарапынан құрылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны